Қараусыз қалған электр желілері өте қауіпті

Қараусыз қалған электр желілері өте қауіпті

Қараусыз қалған электр желілері өте қауіпті
ашық дереккөзі
ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев қараусыз қалған электр желілері қайғылы оқиғаларға себеп болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Еліміздің бірқатар өңірлерінде қараусыз тұрған желілер бар, яғни оларға ешкім қызмет көрсетпейді немесе қалай болса солай салғырт қарайды. Бұл өз кезегінде аталған желілерге қосылған тұтынушылардың электр қуатымен қамтамасыз етілуіне кедергі тудырады. Жергілікті атқарушы органдардың соңғы мәліметтеріне қарағанда, осындай желілер 2 110 шақырымға созылып жатыр және 631 иесіз трансформаторлық қосалқы станса бар көрінеді. Егер де бұл желілерді энергия беретін ұйымдардың қарауына өткізбесе, онда жақын арада олар апаттардың көзіне айналады, сондай-ақ электр қуатымен қамтамасыз ету сапасының төмендеуіне себебі болады. Мұнымен қоса, қайғылы оқиғаларға да соқтыруы мүмкін», - деді Бозымбаев Мәжілістің жалпы отырысында. Оның сөзіне қарағанда, аталған желілерді өңірлік электр компанияларының қарауына беру арқылы бұл мәселені шешуге болады, алайда қолданыстағы заңнамада бұндай қадамдар ескерілмеген. Осы орайда заңнамалық актілерге электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасында иесіз әрі қараусыз деп танылған желілерді өткізу тетіктері қарастырылып отыр. «Қараусыз тұрған электр желілерін арнайы мамандары мен тиісті техникасы бар энергия беретін ұйымдардың қарамағына өткізу арқылы электр қуатымен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыруға болады»,-деді министр.