Солтүстік Қазақстан облысының шалғай ауылдарының бірінде белгісіз біреулер бір шаруа қожалығынан 50 бұзауды ұрлап кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жергілікті ЖШС басшысы Тимирязев ауданының полиция бөліміне жүгініп, мал басын түгендеу кезінде әулиекөл тұқымды 50 бұзауының жоқ екенін айтқан.
Келтірілген залал сомасы 5 млн 800 мың теңгені құраған.
ЖШС аумағына күзет қойылмаған, бейнебақылау камералары орнатылмаған.
Ұрлық соңғы айда жасалған болуы мүмкін.
Полицейлер жедел-іздестіру барысында шаруа қожалығының 24 және 25 жастағы екі жұмысшысының қатысы бар екенін анықтады.
Күдіктілердің сөзінше, бұзаулар бірнеше рет ұрланған және СҚО ауданының әр түрлі адамдарына сатылған.
Қазіргі уақытта құжаттарының бар-жоғын сұрамай сатып алған адамдардан 25 бас бұзау қайтарылды. Бұл жұмыс жалғасуда.
Ірі көлемде мал ұрлағандары үшін күдіктілер 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.