Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында қалдықтарды басқару жүйесінде орын алған олқылықтарды сынға алды.
Депутаттың айтуынша, елімізде қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу саласы ретсіз және тиімсіз түрде жұмыс істеп тұр. Соның салдарынан еліміздің түкпір-түкпірінде көлемі көпқабатты үймен тең келетін қоқыс полигондары көбейіп кеткен.
Қарапайым жүйе – күрделенген шешім
Сәрсенғалиев қоқыс өңдеу саласын қолдау мақсатында енгізілген Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі (ӨКМ) немесе кең танылған атауымен РОП жүйесінің дұрыс жұмыс істемей тұрғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, «Жасыл Даму» ұлттық компаниясы оператор ретінде құрылып, ластаушы кәсіпорындардан түскен қаржыны қоқыс өңдеуші мекемелерге тікелей төлеуі тиіс еді. Алайда Экология министрлігінің шешімімен бұл қаражат енді 3 пайыздық несие ретінде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы берілмек.
«Яғни, қоқыс өңдеген кәсіпорын өзіне тиесілі еңбекақыны қордан қарызға алуы тиіс. Бұл – ақылға қонымсыз», – деді депутат.
Экологиялық кодекске қайшы шешім
Депутаттың айтуынша, мұндай жүйе Экологиялық кодекстің 388-бабы 1-тармағының 15-тармақшасына қайшы келеді. Аталған бап бойынша қор тек өңдеуші өнеркәсіп секторындағы жобаларды қаржыландыруы тиіс. Ал қоқыс жинау, сұрыптау және тасымалдаумен айналысатын мекемелер бұл тізімге кірмейді.
Бұл жағдайда, қалдықтарды жинап, сұрыптайтын компаниялар қаржыландырусыз қалып, тарифтерді көтеруге мәжбүр болады, ал бұл түптің-түбінде қарапайым тұтынушыға ауыртпалық түсіреді.
Ұсыныстар пакеті: жүйені қайта жаңғырту қажет
Депутат қалдықты өңдеу жүйесін тиімді етіп қайта құру үшін мынадай нақты ұсыныстарын ортаға салды:
- РОП төлем тетігін қайта қарау – кімге төлем, кімге несие берілетінін заңмен нақтылау;
- Қоқыс өңдеуші кәсіпорындарға төлемді тікелей беру – еңбекақыны несиеге айналдырмау;
- РОП қаражатын қоқыс жинау, тасымалдау, сұрыптаумен айналысатын компанияларға да бөлу;
- Өңірлік қоқыс полигондарын азайту және міндеттемені орындамаған компанияларға санкция салу;
Салалық қауымдастықтармен бірлесіп, ӨКМ жүйесінің келісілген тұжырымдамасын қабылдау және соған сай барлық құқықтық актілерді қайта үйлестіру.
Жүйе – әділ, қарапайым және түсінікті болуы керек
«Мемлекет басшысы Өнеркәсіпті дамыту қорын серпінді жобаларды қолдау үшін құруды тапсырды. Қоқыс сұрыптаған әрбір компанияны серпінді жоба деп қарауға болмайды. Әркім өз еңбекақысын тікелей алуы тиіс», – деп түйіндеді Нартай Сәрсенғалиев.