Бірнеше күн бұрын ұлытаулық полиция қызметкерінің шетелдік туристермен ағылшын тілінде еркін сөйлесіп тұрған сәті таспаланған видеосы әлеуметтік желіде кең тарады. Көпшілік тәртіп сақшысының өз міндетін жақсы атқарып қана қоймай, ағылшыншаға судай екеніне таңғалысып, жылы пікірді қарша боратты. Ауыл полицейінің шет тілін жетік білгеніне таңырқаған көпшілік ол туралы көп дерек білгісі келетінін де жазды. Осы орайда Turkystan.kz сайтының тілшісі жұртшылықты тәнті еткен полиция капитаны Әбдікәрімов Дулат Жанкелдіұлына хабарласып, тілдескен болатын.
«Мен 1990 жылы Ұлытау ауданында дүниеге келдім. Осындағы орта мектеп бітірдім. Одан кейін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне халықаралық қатынастар мамандығына оқуға түстім. Оқуды аяқтағаннан кейін Ақтау қаласындағы әскери бөлімшеде Отан алдындағы борышымды өтедім. Әскер қатарынан ішкі істер органдарына кіші сержант болып жұмысқа тұрдым. Ішкі істер саласында еңбек еткен 10 жылдан астам уақытта түрлі қызмет атқардым. Уақытша ұстау изоляторының полицейі, учаскелік полиция қызметкерінің көмекшісі, табиғатты қорғау полициясы тобының инспекторы, патрульдік полиция тобының туристерге қызмет көрсету жөніндегі қызмет инспекторы дейтін лауазымдарды атқардым. Биылғы сәуір айында учаскелік полиция инспекторлар тобының аға учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалдым. Қазіргі атқарып жатқан жұмысым – осы», – дейді ол.
Дулат Қазақстанға табан тіреген туристерге өз аймағының ерекшеліктері жайында өзі айтқысы келіп, оларды арнайы іздеп барса керек.
«Ол видеоны менің сыныптасым түсірген-тін. Өзі гид болып жұмыс істейді. Ұлытау өңіріне туристер тарту, Ұлытаудың тарихи жерлерін шетелдіктерге, басқа облыстан келген адамдарға таныстыру мақсатында желіде арнайы парақша жүргізеді. Сол досымның Instagram парақшасын қарап отырып, жаңағы туристердің Ұлытауға келгенін көрдім. Туристер жүрген территория жұмыс бойынша мен бақылауда ұстайтын әкімшілік аумақ саналады. Досыма қоңырау шалып, сосын сонда бардым. Барған соң туристермен тілдесіп, жөн сұрастым. Нидерландтан келген кісілер екен. Қазақстанға келгендеріне екі айдан асыпты. Нидерландтан автокөлікпен шығып, Африканы аралаған. Памир тауларын басып өтіп, біздің Маңғыстаудың үстіртін көріп, Ұлытауға табан тіреген екен. Оларға Ұлытаудағы Тасбұлақ жайлы айтып бердім. Олар сол бұлақтан су құйып алды. Сөйтіп сөйлесіп тұрғанымды сыныптасым түсіріп алып, өзінің парақшасына жүктеген. Сол жерден күллі Қазақстанға тарап кетсе керек», – дейді тәртіп сақшысы.
Дулат ағылшын тілін мектептен меңгерген. Оқушы кезінде де, студент кезінде де тілді тереңдете оқыған.
«Ағылшын тіліне деген қызығушылық оқушы кезімде оянды. Мектепте Тоғжан, Жеңіскүл есімді ұстаздарымыз болды. Ол кісілер «іргетасымызды» жақсы «қалап» берді. Тілді жақсы үйретті. Мен ғана емес, менің сыныптастарым да ағылшын тілін жақсы біледі. Ағылшын тілін аптасына 5 рет өтетінбіз. Жоғары оқу орнында жүргенде де тілді баса оқыдық. Себебі халықаралық қатынастар мамандығында оқыған студенттерге міндетті түрде тіл білу керек. Сол кездері екі-үш ай қытай тілін де оқығанмын, кейін ұмытып қалыппын. Студент кезде тілді тереңдете оқығанмен, 2012 жылы университет бітіргеннен кейін шетелдің адамдарымен сөйлескен емеспін. Ағылшыным сол күйі, сол деңгейде қалып қойған. Дегенмен осы жолы байқағаным – ағылшыным әлі де ақсамапты. Бір жағынан бұл өзіме де қызық болды. Туристермен өзім де сөйлесіп көргім келді. Осы видеом кең таралғаннан кейін ағылшын тілін меңгеруді қайта қолға алып, дамытсам деген ой туды», – дейді Дулат.
Тәуекелі көп жұмысты бәрінен биік қоятын тәртіп сақшысының басты мақсаты – қызметін адал атқару.
«Әкемнің інісі ішкі істер саласында жұмыс істеп, майор шенімен зейнетке шықты. Бала күнімнен сол кісінің жұмыс киіміне, бас киіміне, жүріс-тұрысына, тіпті тапанша ұстағанына қызыға қарайтынмын. Өз мамандығым бойынша мүлде жұмыс істемей, ішкі істер саласына келуіме сол бала күнде жадымда жатталып қалған әкемнің інісінің келбеті әсер етсе керек. «Міндет, абырой, ерлік!» деген девизіміз бар. Полиция қызметкерлеріне жүктелген міндет көп. Сол міндеттерімізді, қызметімізді абыроймен атқарсам деймін. Жұмысым өзіме ұнайды. Өзім жасаған таңдау. Шаршамаймын. Шаршайтын сәттер болса да, бір серуендеп келгеннен кейін бәрін ұмытып, қайта жұмысқа кірісіп кетемін. 10 жылдан аса істегеннен кейін үйреніп кетесің. Қазіргі шенім – капитан. Келесі деңгей – майор. Оның да ауылы алыс емес. Осы қызметтен аман-есен, абыроймен зейнетке шығып жатсақ, әрі қарай көрерміз. Өзім өсіп-өнген Ұлытаудан да ешқашан кетуге ұмтылмағанмын. Үлкен қалаларға, шетелге саяхаттап барып келуге болады. Бірақ кіндік қаным тамған жер – Ұлытауымда тұрғаныма, сүйікті саламда жұмыс істегеніме ризамын. Жұмыста өз алдыңа қойған межелерден бөлек, бала-шағаңның басқалардан кем болмағанын, балаларыңның бақытты балалық шағы болғанын қалайсың. Сол жолда еңбек ете беремін», – дейді ол.
Дулат – сүйікті жар, үш баланың әкесі. Жұмысынан бөлек волейбол, футбол сынды спорт түрлерімен айналысады. Сондықтан да жұмысында тапсыратын спорттық нормативтерінен де сүрінген кезі болмапты. Домбыра шертіп, ән салатын да өнері бар. Тағы бір қызығатын хоббиі – құрылыс жұмысы. Үйді әрлеп-сәндеп, еуропалық үлгіде жөндеу жұмыстарын жүргізген ұнайтынын айтады. «Парасатты полицей» сайысына да қатысып, осы уақытқа дейін түрлі марапат алған.