Еуропада халықтың қарызы рекордтық деңгейге жетіп отыр. 2025 жылдың басындағы мәліметке сәйкес, Еуроодақ азаматтарының жалпы қарызы 6,96 трлн долларға жеткен. Оның ішінде 5,23 трлн еуро ипотека болса, тағы 1 трлн еуро тұтынушылық несиелерден құралған. Сарапшы Кевин Маунтфорд қарызды басқару және қаржы тұрақтылығын сақтау бойынша кеңесін бөлісті. Ол Euronews арнасына берген сұхбатында қазіргі заманғы қаржылық әдеттер туралы айтты.
Қарыз – тек табысы төмен адамдардың мәселесі емес. Бүгінде Еуропа елдеріндегі орташа қарыз деңгейі табысқа шаққанда 97%-ды құрайды. Алайда кейбір "тұрақты" саналатын елдерде, мысалы, Скандинавия мен Нидерландыда бұл көрсеткіш 200%-дан асады.
«2007 жылғы дағдарыс кезінде адамдар кредитке люкс заттар – автокөлік, сағат сатып алды. Бірақ кенеттен төлеуге шамасы жетпей қалды», – дейді Кевин.
Қарыз қайдан пайда болады?
- Кредит карталары мен онлайн сатып алулар
- Қашықтан төлеудің кең таралуы
- Әлеуметтік желілер мен жарнама ықпалы
- «Кейін төлейсің» жүйесінің тартымдылығы
«Мен таныстарымның түн ішінде ұйықтай алмай, интернеттен зат ала бастағанын білемін. Бұл – қауіпті», – дейді сарапшы.
2023 жылы Нидерланды, Дания, Ұлыбритания, Финляндия және Швеция — кредиттік карталар бойынша ең көп қарыз жиналған елдер болды.
Қарыздан құтылуға көмектесетін кеңестер
1. Қарызды төлеуден қашпаңыз. Уақыт өте келе жағдай ушығады.
2. Банктен кеңес алыңыз. Кей жағдайда төлем мерзімін ұзартып, ай сайынғы төлемді азайтуға болады.
3. Заңсыз кредит берушілерден сақ болыңыз. Жоғары пайыздар мен жасырын шарттар қарызды еселейді.
4. Жақындарыңызбен ашық сөйлесіңіз. Жарты жылда бір рет отбасы немесе достармен шығындарды бірге талқылаңыз.
«Қаржылық сауатсыздық – адамдарды өз ақшасынан алыстатады. Бұл банктерге тиімді, ал халық ұтылады», – дейді ол.
Қарыздану – қалыпты жағдай. Бірақ ол сізді басқармай, сіз қарызды басқаруыңыз керек. Қаржы сауаттылығын арттыру – тұрақты болашақтың алғашқы қадамы.