сейсенбі, 15 сәуір, 2025

Алматыда микроқаржы ұйымын құрғандардың 32 млрд теңгелік мүлкі тәркіленді

/
istockphoto.com

Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті қалалық прокуратураның үйлестіруімен  «Creditum» МҚҰ, «Sofi Finance» МҚҰ, «Hava Finance» МҚҰ, «SF Offline» МҚҰ, «POS Credit» МҚҰ, «Сәлем Кредит» МҚҰ басшыларына қатысты алаяқтық және заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактілері бойынша тергеуді жалғастырып жатыр.

Бұған дейін хабарланғандай, аталған МҚҰ-дардың заңсыз әрекеттерінің салдарынан 327 мыңнан астам азамат зардап шекті, оларға келтірілген шығын көлемі 30 млрд теңгені құрайды. Төлемдері кешіктірілген қарыз алушылар  Hava.kz, Koke.kz, Tengo.kz компаниялармен кепілдік шарттарын жасасуға мәжбүр болған. Бұл ретте, кепілгердің жауапкершілігі тек қарыз алушы қайтыс болған жағдайда ғана қарастырылған.

Бұл қызмет үшін бастапқы несие сомасынан бірнеше есе асып түсетін төлем алынып, азаматтарды қарызға батырған. Нәтижесінде, қарыз алушылар несие сомасынан 3-5 есе артық ақша төлеуге мәжбүр болған.

Агенттіктің ақпаратынша, микроқаржы ұйымдарының есепшоттарына 1,8 млрд теңге көлемінде тыйым салынды, сондай-ақ 30 млрд теңге мөлшерінде несие портфеліне шектеу қойылды.

МҚҰ ұйымдастырушысы 2 айға қамауға алынды.

Оның жалпы құны 225 млн теңге көлемінде 2 тұрғын үйі мен BMW X6, Toyota Tundra маркалы автокөліктеріне тыйым салынды.

Тергеу жалғасып жатыр, - делінген хабарламада. 

Егер сіз экономикалық құқық бұзушылықтар фактілері жайлы білсеңіз, "АФМ Insider" телеграм ботына хабарлауыңызға болады. Анонимділікке кепілдік беріледі.

Бөлісу: