жұма, 18 сәуір, 2025

Ел азаматы

сурет: ашық дереккөз

Ұлттық экономиканың мүддесіне қауіп төніп, басына бұлт үйірілгендей болғанда дауысы әріден естіліп, оны сауықтыру жолдарын тереңінен қозғайтын жайсаң азаматпен мәжілістес болғаныма талай жылдың жүзі өтіпті. Жұртшылық арасында «Экономика, қаржы, есеп-қисап саласының жауапты мамандары қазақ тіліне шорқақ» деген түсінік қалыптасқан. Әрі олар елдің алдына шығып, ойларымен бөлісе бермейді. «Сен тимесең, мен тиме» деген ұстаныммен өмір сүргенді қалайтын, алдындағы ақпаратқа ғана сенетін, томаға-тұйық адамдардай елестейді. KAZSERVICE Қазақстанның мұнайсервис компаниялары Одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов құлашын кеңге жазып әңгіме қозғағанда, төрт аяғынан нық тұра алмай тәлтіректеген экономикамыздың сан алуан проблемалары мен шешілу жолдарын соқырға таяқ ұстатқандай көрсетеді. 

Коронавирус індеті дүние жүзін әбігерге салған кезді ойлағың да келмейді. Әйтеуір дүрбелеңге түсіп, үрей қаумалаған бір жұрт. Жайбарақаттыққа бойымыз үйренгендікі ме, аяқ астынан алқынып жеткен індетпен алғашында не істеп, не қоятынымызды білмей аң­та­­рылып қалғанымыз жасырын емес. Онсызда жел қай жақтан соқса, соның ығымен жөңкілгісі кеп тұратын эко­но­микамызға коронавирус панде­миясы «таптырмас» жағдай бола кетті. Мұнай­дың әлемдік бағасы құлдыраған үстіне құл­дырады. Оның шарпуы барлық са­ла­ны қамтыды. Көптеген компанияның алды тұралай бастады, жер-жерде жұ­мыс­сыздық деңгейі өрши түсті. Осы кез­де Рашид Жақсылықов Нартай Арал­байұлының YouTube каналына сұхбат бе­ріп, болған жағдайдан қалай шыға­мыз, ең бірінші кезекте нендей шаруа қол­ға алыну керек деген мәселелерді жілік­теп берді. 
Тәуелсіздікке қол жеткізгелі мұнай-газ саласы экономикамыздың локо­мо­ти­віне айналып, елімізде мұнай өндірісі жыл сайын артып отырғанын, аталған өндірістің дамуында мұнайсервис сала­сы­ның еңбегі ерекше екенін баса айтты. Дағ­дарысқа тап болған мұнай өндіруші ме­кемелер амалсыздан іске қосқан үнем­деу режимі бірінші кезекте мұнай­сервис компанияларына тиетінін, бұл саланың бір жыл ішінде мемлекеттік бюд­жетке 500 миллиард теңге көле­мін­де салық төлейтінін еске салды. 250 мың­ға жуық маман еңбек етіп, бала-ша­ғасын асырап отырған мұнайсервис ком­панияларын банкротқа ұшыратпай, жұ­мыс орындарын сақтап қалудың маңыз­ын ескертіп, ірі кен орын­дарындағы жалпы көлемі 100 миллион дол­лар болатын келісімшарттарды отан­дық компанияларға беру, одан жо­ғары сомадағы келісімшарттарды бірік­кен компанияларға ұсыну мәселесін тез­детіп шешу керек екенін, Ұлттық Банк келісімшарттарға кепіл бола ала­тын төменгі пайызбен берілетін несиені шеш­се екен деген де ұсынысын батыл ай­тты.
Қашан көрсең де, тың идеяларын жү­зеге асырсам деп шапқылап жүрген Рашид Жақсылықовтың бастамасымен 2011 жылы Қазақстанның мұнайсервис компаниялары Одағы шаңырақ көтерді. Осынау үкіметтік емес бірлестік осы жыл­дар аралығында көптеген жобаның сәтімен жүзеге асырған. О баста бұл Одақ­қа Атырау облысы аумағында жұ­мыс істеп жатқан 2 компания мүше болса, қазір оның саны 200-ден асады. 2017 жылы қабылданған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс талқыланған кезде Рашид Ха­сенұлы басқарып отырған Одақ мұнай өндіретін алпауыт компаниялардың мүддесін қорғайтын топпен айтысып-тартысып жүріп, отандық мұнайсервис компанияларының мүддесін жығып беретін кей түзетулердің қабылдануына үзілді-кесілді қарсы шықты. Нәтиже­сін­де, көңілге күдік ұялататын түзетулер ен­­гізілмей, жүздеген отандық ком­па­ния­ның қалыпты жұмыс жасауына орай туды. Мұндай ауқымды шараны табан­ды­лықпен қорғауға терең кәсіби білім, халықаралық аренада үлкен салмағы бар алпауыт компаниялардың ығына жы­ғылмайтын принципшілдік пен ел мен жерді сүйетін үлкен жүрек керек еді. Жыл сайын дәстүрлі түрде Мұнай­сер­вис компаниялары Одағының бас­тамасымен «Казнефтегазсервис» ха­лықаралық конференциясы дәстүрді түрде өтіп келеді. Мемлекеттік органдар мен мұнайсервис компаниялары арасындағы пікірталастар мен шешімі табылмай жүрген шаруаларды пысық­тау, «ТШО», NCOC, Karachaganak Petroleum Operating B.V. сынды ел аума­ғын­дағы ірі мұнай операторларының қа­зақ­стандық үлесін барынша кеңейту сын­ды маңызды жұмыстардың барлығы Рекеңнің назарында. Осы күндері аталған ірі жобаларда отандық мұнай­сервис компаниялары келісімшарттарға қол жеткізіп, жұмыс көлеміне ие болса, мұның барлығы Мұнайсервис компа­ния­лары Одағы төралқа төрағасының жауап­ты жұмысының нәтижесі деп білге­німіз жөн. Одақ қолынан іс келетін отан­дық компаниялардың халық­ара­лық нарыққа шығуына да барынша қолдау көрсетіп келеді. 
«Қазба байлыққа сене бермей, эко­но­миканы әртараптандыру керек», – де­ген ұстанымды басшылыққа алған Ра­шид Хасенұлы тек қана мұнай өндіруге арқа сүйеудің аздық ететінін үнемі алға тартады. Төрт түлікті өсіруді жаңа дең­гей­ге көтеруге мән беру керек дейді. «Қай бір жылдары Мажарстанның қасап­ха­­­насында болып, сиырды қалай соя­тындарын бақыладым. Әлгілер ірі-қа­раны бауыздап, жіліктеу кезінде оның бір тамшы қанын жерге тамызбай, ар­найы ыдысқа құйып, балықтарға жем ре­тінде ұсынады. Мұқият өңдеуден өт­кізілген сиыр терісі Италияға жіберіліп, ал орташа деңгейде өңделгені Түркияға экспортталады. Жеуге келмейді деген ішкі ағзалары өңделіп, ауыл шаруа­шы­лы­ғына тыңайтқыш ретінде пайда­ла­ны­лады. Ол жақта төрт-түліктің еті сүйек­­сіз сатылады. Жұмсақ етінен ай­ры­л­ған сүйектерді барынша май­да­лай­ды. Бұл ұнтақ кейіннен терісі өте ба­ға­лы құндыздардың  жеміне дәрумен ре­тін­де қосылады. Мұндай жеммен қо­рек­тенген құндыздардың терісі жар­қырай тү­сетін көрінеді. Ол тері одан әрі Гре­кияға экспортталады. Қалдықсыз өн­діріс­тің осынау қарапайым әдісі мені таң­ғалдырды. Ал енді біздің фермерлер қа­лай жұмыс жасайды. Ірі-қараның ба­сын көбейткенімен, етінің аздығын, бас­қа да жағдайларды айтып,  тиім­сіз­дігін алға тартады. Міне, парадокс. Сиыр­дың тек еті мен сүтіне ғана сенім арт­сақ, ол, әрине, қазіргі нарық жағ­дайында тиімсіз. Мажарстаннан келген соң, отандық фермерлердің тәжірибесін зерттей бастадым. «ҚазАгро» ұлттық ком­паниясының тәжірибесіне сүйенсек, компания салмағы 700 келі тартатын бұқаны сонау жерден сатып әкелгенімен, отан­дық 150 келілік қашармен шағы­лы­сады. Нәтижесінде, бұзаулау кезінде әлгі сиыр өліп қалады. Аталығы ірі бұзаудың салмағы 70 келі тартады. Осы жағы ескерілмеген. Екіншіден, неліктен бізде балық шаруашылығы дамымай отыр? Көрші мемлекетте біз үшін нарық дайын. Ресей халқының 90 пайызы ең пай­далы тағам ретінде балықты сүй­сініп жейді. Талдықорғанда тұрғанымда зейнеткер көршілерім үнемі табан балық сатып алатын. Кейіннен білсем, табан тек өзге балықтардың уыл­дырығымен қоректенеді екен. Соған сәйкес, еті пайдалы әрі таза. Өзге ба­лық­тар тәрізді балдырмен қорек­тенбейді. Бекіре сынды аса бағалы балықтарды өсі­реміз деп бас қатырмай-ақ, осы та­бан­ның тұқымдарын Каспий, Балқаш, Арал, Алакөл, Зайсан сияқты су бассейн­деріне жіберіп, әріге бармай-ақ Ресейге неге экспорттамасқа? Қаншама жұмыс орын­дары ашылып, бюджетке де қо­сым­ша салық құйылар еді», – дейді ол. 
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрс­ын­ұлы­ның «Біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Бас­қадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керек­тердің жолында жұмыс істеу керек», – деген маңызы жойылмайтын құнды пікірін қашан басшылыққа алар екенбіз?!  
Қайбір жылдың шіліңгір шілдесінде Тал­дықорғанға жолым түскені бар. Ке­зекті демалысын ата-анасының қасында өткізіп, алаңсыз рахаттанып жүрген Ре­кеңді көре алмадым. 30 сотыққа ша­ғын жылыжай салудың қамымен әбі­герге түсіп жүр. «Мына өзбек ағайын­дар аз шығын жұмсап, көп табыс табуды жетік меңгерген. Осы 30 сотықты үнем­ді пайдалана білсе, жылына ондаған миллион теңге таза пайда табуға бола­тын көрінеді. Іргедегі қаланың базарына апарып, экологиялық таза өніммен тұтынушыларды разы етудің өзі қандай сауап десеңші. Жас болса келіп қалды. Ертеңгі күні зейнетке жеткенде осы жер­ді ермек қыламын ба деген ойым бар», – дейді жымиып.                                      
Ғұмыр бойы жұмысқа жегіліп, бей­нет кешкен Хасен ақсақал мен ондаған жыл жүздеген шәкіртті білім нәрімен су­сындатқан Орынбасар апайдың тағы­лым-тәрбиесін болмысына әбден сіңір­ген, асқаралы алпыс жастың асуына көтерілген Рашид Жақсылықов сынды ардакүрең азаматтың қолға алған қай-қай ісі ақ жол тілеуге әбден тұрарлық.                                                
                                                                 

Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары