Батыс Қазақстан облысы Бөкей Ордасы ауданына қарасты Мұратсай ауылындағы су қоймасынан қырықылып қалған киіктер табылды, деп хабарлайды turkystan.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Қалқып жүрген 30 киік су бетінен жағаға шығарылып, арнайы зертханалық сынамалар алынған соң, санитарлық талаптарға сай дайындалған орға көмілген.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары бұл су қоймасына мол су жиналып, көктемгі миграция кезінде солтүстікке қарай бет алған киіктер су айдынын кесіп өтпек болғанда, жағаға шыға алмай, қырылып жатады. Мәселен, өткен жылы дәл осы маңда 5 мың бөкеннің өлексесі табылса, биыл әзірге 30 бас киік су бетінде өлі күйінде табылды. Олардың 25-і – еркек, 5-еуі – ұрғашы.
Оқиға орнына "Охотзоопром" ЖШС инспекторлары, "Бөкей Орда" мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері және орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының мамандары барып, барлық шараларды белгіленген тәртіп бойынша атқарған. Бұл туралы инспекция басшысы Нұрлан Рақымжанов хабарлады.
Оның сөзінше, жыл басталғалы өңірде 290 өлі киік тіркелген. Киіктердің табиғи ортада 5-6 жыл ғана өмір сүретінін ескерсек, мұндай жағдай қалыпты саналады.
Алайда жергілікті тұрғындар бұл мәліметтерге күмәнмен қарайды. Себебі Еділ мен Жайық арасын мекендейтін Орал популяциясының саны бұрын 400 мыңнан аспағанымен, қазір ресми есеп бойынша 2 миллион 300 мыңға жеткен. Биылғы санақ әлі жүргізілген жоқ, ол сәуірдің 15-20 аралығына жоспарланған. Сарапшылар нақты көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін екенін алға тартады.
Далалық аймақтарда киіктердің кенеден қырылып жатқаны да байқалады. Сонымен қатар, жабайы жануарлар арасында ценуроз (айналшық) сияқты аурулар жиілеп кеткенін шаруалар айтып дабыл қағуда.