"Шыңырау" фильмінің түсірілімі басталды

"Шыңырау" фильмінің түсірілімі басталды

"Шыңырау" фильмінің түсірілімі басталды
ашық дереккөзі
«Қазақфильм» киностудиясында «Шыңырау» фильмінің түсірілімдері басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі кино компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. «Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесі бойынша толықметрлі көркем фильмнің түсірілімдері басталды. Фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілуде. Фильм сценарийінің авторы және режиссері Жаңабек Жетіруов. Түсірілімнің барлығы дерлік Маңғыстау облысында Қарақия ойпатында, Үстірт шоқысы және Каспий теңізі жағасында түсіріледі. Фильм үшін Форт-Шевченко қаласына жақын жердегі Қанға ауылында декорациялар тұрғызылып, елді мекен фактураланды. Басты рөлдерге Асылхан Төлепов пен Алдабек Шалбаев бекітілген», делінген хабарламада. Сондай-ақ, фильмге Мұхамеджан Мырзакиев, Дәулет Әбіш, Қанатбек Құрымбаев, Мақсат Сәбитов, Азамат Шарғын, Зухра Сайпи де түсетіні мәлім болды. «Көптеген отандық кинематографистер ұлы Әбіш Кекілбаевтың повесі бойынша фильм қоюды және экрандауды армандады. Алайда әлі күнге дейін повест экран тілінде сөйлеген емес. Мен бұл тақырыпта фильм түсірем деп жүргелі көп болды. Сценарийді төрт жыл бұрын жазып, түзетулерді күні бүгінде дейін енгізіп отырдым. Қазір менің бар қалауым Әбіш Кекілбаевтың повесі деңгейіндегі фильм түсіру. Біз локация мен натура таңдау бойынша көп жұмыс атқардық. Барлық актерлерді бекіттік. Бір-екі күнде Маңғыстау облысына түсірілімдерді бастауға жолға шығамыз», - деді Ж.Жетіруов.