дүйсенбі, 7 сәуір, 2025

COVID-19 кезінде туған балалар эмоцияларды басқаша қабылдайды – зерттеу

/
сурет: istockphoto.com

COVID-19 пандемиясы кезінде туған немесе ерте балалық шағын өткізген балалар адамның бет-әлпетін, әсіресе эмоцияны білдіретін мимиканы, бұрынғы балаларға қарағанда басқаша қабылдайды. Бұл туралы Developmental Cognitive Neuroscience журналында жарияланған жаңа зерттеу нәтижесінде белгілі болды.

Зерттеуге сәйкес, үш жасар балалардың миы бет-бейнені бұрынғыдан жылдам өңдейді, алайда барлық жастағы балаларда қуанышты эмоцияға білдіретін ми реакциясы әлсіреген. Бұл – бақытты эмоциялар балаларға бұрынғыдай таныс немесе назар аударарлық болмауы мүмкін дегенді білдіреді.

“Бұл зерттеу әлеуметтік тәжірибенің балалардың әлеуметтік миын қалыптастырудағы маңызын көрсетеді,” – дейді жетекші автор, Утрехт университетінің доценті Карлейн ван ден Бумэн.

Пандемия кезінде көптеген балалар маска тағылған, эмоциясы жасырылған беттерді ғана көріп өсті. Сонымен қатар, балабақша, әлеуметтік ойындар, қоғамдық орындар сияқты ортақ тәжірибелер шектелді. Ғалымдар балалардың осындай шектеулі әлеуметтік ортада миы эмоцияны қалай қабылдайтынын зерттеді.

900-ден астам бала зерттеуге қатысты. Олар 5 айлық, 10 айлық және 3 жасар жаста болды. Балалар COVID-19-ға дейін және пандемия кезінде (2020–2022 жылдар аралығы) тексерілді. Электроэнцефалография (EEG) әдісі арқылы зерттеушілер балалардың бет әлпетін, оның ішінде қуаныш, қорқыныш және бейтарап мимиканы қалай қабылдайтынын бақылап отырды.

Зерттеушілер бұл өзгерістерге бірнеше ықтимал себеп келтіріп отыр:

  • Маска тағу: балалар бақытты, күлімдеген жүздерді сирек көрді
  • Ата-аналардағы күйзеліс: пандемия кезіндегі стресс ата-аналардың эмоциялық қарым-қатынасын әлсіретті
  • Әлеуметтік оқшаулану: балабақша, ойын алаңдары, отбасылық жиындар азайды
  • Бет өңдеу жылдамдаған, бірақ эмоция ажырату әлсіреген

Зерттеу барысында 3 жасар балаларда бет бейнесін тануға жауап беретін N290 сигналы ертерек пайда болған, бұл мидың бетке жылдам реакция танытатынын көрсетеді. Бірақ бұл жылдамдық эмоцияны ажыратуға келгенде айтарлықтай пайда бермеді.

Мысалы, қуаныш пен қорқыныш эмоцияларын ажырату – әсіресе 10 айлық және 3 жасар балаларда – әлсіреген немесе мүлде болмаған. Бұл балалардың эмоцияны қабылдау қабілеті бұзылғанын көрсетеді.

Зерттеушілер бұл өзгерістердің ұзақмерзімді салдары болуы мүмкін екенін ескертеді. Бет-әлпетті тану мен эмоцияны түсіну әлеуметтік қарым-қатынас, мектепке бейімделу, және тіпті психикалық денсаулық үшін маңызды.

“Эмоцияларды түсіне алмау – баланың әлеуметтік және танымдық дамуына кері әсер етуі мүмкін,” – дейді ван ден Бумэн.

Ол сондай-ақ зерттеу пандемия саясатына қарсы бағытталмағанын, керісінше болашақта осындай шектеулердің салдарын азайту үшін маңызды ақпарат беретінін атап өтті. Мұндай балалармен жұмыс істейтін ата-аналар, тәрбиешілер мен мамандар бұл ақпаратты ескергені жөн.

Бөлісу: