Шайдың пайдасы туралы көп айтылады, алайда оны тым ыстық күйде немесе шамадан тыс көп ішу ағзаға зиян келтіруі мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz ресейлік Известия басылымына сілтеме жасап.
Маманның айтуынша, 60 градустан жоғары температурадағы шай дәм сезу рецепторларын күйдіріп, өңештің шырышты қабығын зақымдайды. Мұндай ыстық шайды жиі ішу қатерлі ісік ауруларының даму қаупін арттырады.
«Кей адамдар қайнаған шайды “пайдалы” деп ойлайды. Бірақ ол өңешті күйдіріп, дәм сезу сезімін өзгертеді. Әсіресе асқазан-ішек жолы әлсіз адамдар үшін бұл қауіпті», – дейді маман.
Шайды шектен тыс көп ішу жүйке жүйесіне салмақ түсіріп, жүрек қағысын жиілетеді, тахикардия мен аритмияға әкелуі мүмкін. Диетологтың айтуынша, бұл шай құрамындағы кофеиннің артық әсерінен болады.
Сонымен қатар, көп шай ішу бүйрекке қосымша жүктеме түсіріп, ағзадан пайдалы минералдардың шайылуына себеп болады. Мұндай жағдайда оксалат тастарының түзілу қаупі артады, бұл зәр шығару жүйесі ауруына апарып соғуы мүмкін.
Сондай-ақ пестицид қалдықтары бауыр мен бүйрек қызметіне кері әсер етеді және ұзақ мерзімде улануға әкелуі мүмкін.
Маманның айтуынша, асқазан жарасы, панкреатиттің асқынуы кезінде шай ішуге болмайды. Ол қышқылдықты арттырып, ауру белгілерін күшейтеді.