сейсенбі, 15 сәуір, 2025

Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитіне қатысты

/

Өзбекстанда «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммиті мен «Жаһандық климат сын-қатерлері кезеңіндегі Орталық Азия» халықаралық конференциясы өтеді. 

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінен:

Сауда және экспорт

  • Қазақстан ЕО нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын;
  • Еуропа Одағы шетелден импорттайтын мұнайдың 13 пайызға жуығы біздің елімізге тиесілі. Оның басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданады;
  • Еуропа Одағы аталған консорциумның тұрақты әрі ұзақ мерзімді жұмыс істеуіне қолдау білдіріп отыр. Қазақстан мұны жоғары бағалайды және шикізат тасымалдаудың балама жолдарын да дамытады.

Энергетика және тасымал

  • Total, Eni, Svevind секілді бұрыннан келе жатқан серіктестерімізбен және басқа да еуропалық компаниялармен жаңартылатын энергия көздері және «жасыл» сутегі өндірісі жобалары қолға алынды;
  • Қазақстан Өзбекстан және Әзербайжанмен бірлесіп, «жасыл» энергияны Каспий теңізі арқылы Еуропа нарығына жеткізетін электр желісін салу бойынша ірі жобаны бастады;
  • Қазақстанда Еуропа Одағы экономикасына қажетті 34 шикізаттың 19 түрі өндіріледі. Оның қатарында уран, титан, мыс, литий, кобальт, вольфрам және басқа да көптеген элементтер бар;
  • Еліміз ЕҚДБ банкімен арадағы келісім бойынша геологиялық барлау саласында бірлескен жобаларды іске асырып, кен игерудің озық тәжірибесін енгізіп жатыр;
  • Былтыр Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен контейнер арқылы тасымалданған жүк көлемі 62 пайызға артып, 4,5 миллион тоннаны құраған. Мақсат – 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға дейін жеткізу;
  • Қазақстан әлемдегі ядролық отынның 40 пайызға жуығын қамтамасыз ету арқылы таза энергия өндірісінде маңызды рөл атқарады.

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінен:

Технология және инновация

  • Жыл басында Қазақстанда Президент жанындағы Жасанды интеллект бойынша халықаралық консультативтік кеңестің негізі қаланды;
  • 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлауды көздейтін ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр; 
  • Астанада AlemАi жоғары технологиялар орталығы құрылуда;
  • Президент Astana Hub базасында «Орталық Азия – Еуропа Одағы» инновациялық кампусын ашуды ұсынды.

Ғылым және білім

  • Президент Сирек кездесетін металдарды зерттейтін аймақтық орталық құруды ұсынды;
  • Жасанды интеллект, су ресурстарын басқару, биотехнология секілді маңызды салаларда маман даярлауға ерекше басымдық беретін «Орталық Азияға арналған Erasmus+» бағдарламасын әзірлеу жөнінде бастама көтерілді.

Халықаралық саясат және қауіпсіздік

  • Жаһандық тұрақсыздық жағдайында әлемде болып жатқан күрделі оқиғаларға баға беруде барынша ұстамдылық пен жауапкершілік таныту керек;
  • Барлық елді БҰҰ Жарғысы мен жалпыға ортақ халықаралық құқық қағидаларын мүлтіксіз сақтау үшін барынша күш-жігер жұмылдыруға,  сондай-ақ Бас хатшы Антониу Гутерриштің қызметіне қолдау білдіруге үндеді.
  • БҰҰ-ның құрылғанына 80 жыл толған сәтте мұның өзектілігі арта түседі.
  • Қазақстан кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін жақтайды. Сондықтан Украинаға қатысты келіссөздердің басталуын құптайды.  Мәселенің күрделі екеніне қарамастан, шиеленістің оң шешімін табатынына сенім артады.

 

 

Бөлісу: