Қытайдың Гуанси-Чжуан автономиялық ауданындағы ғалымдар заманауи 3D-технологияларды қолдана отырып, 16 мың жыл бұрын өмір сүрген адамның сыртқы келбетін қалпына келтірді. Зерттеу нәтижелері Journal of Archaeological Science журналында жарияланды, деп хабарлады turkystan.kz.
Ежелгі адамның сүйектері Гуанси провинциясының Лонган уезіндегі Болан ауылы маңындағы Яхуай үңгірінен табылған. Бұл – Қытай аумағында анықталған екінші палеолит дәуірінің жерлеу орны.
Бұл – Оңтүстік Қытайда табылған ежелгі адамның толық сақталған жалғыз бас сүйегі. Бұл жаңалық ежелгі адамдардың әртүрлілігі жайлы, олардың көші-қоны және кейінгі палеолит дәуіріндегі әдет-ғұрыптар туралы жаңа мәліметтер алуға мүмкіндік береді.
Зерттеу нәтижесінде ғалымдар ежелгі адамның бас сүйегі қазіргі әйелдердің бас сүйегінен үлкен, бірақ ерлердікінен кіші болғанын анықтады. Оның маңдай сүйегі көтеріңкі, ал қалпына келтірілген бет дөңгелек пішінді, көзі тар, еріні салыстырмалы түрде қалың, мұрны жалпақ болған.