Медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Мейірманов Жапониядағы Рицумейкан Азиаттық-Тынық мұхит университетінің (Ritsumeikan Asia Pacific University – APU) вице-президенті (проректоры) қызметіне тағайындалды, деп хабарлады turkystan.kz el.kz-ке сілтеме жасап.
Аталған университет Жапонияның Беппу қаласында орналасқан.
Бұл тағайындау тарихта ерекше орын алады, себебі Жапонияның жоғары оқу орнының басшылығына алғаш рет Қазақстан азаматы жоғары және жауапты лауазымға тағайындалып отыр. Бұл профессор С. Мейірмановтың кәсіби және тұлғалық сапасының жоғары деңгейде екендігін көрсетумен қатар, қазақстандық ғылым мен білімнің халықаралық аренада танылып келе жатқанын айғақтайды.
Вице-президент қызметіне тағайындалғанға дейін профессор Мейірманов үш жыл бойы APU университетінде академиялық істер жөніндегі декан қызметін атқарып, оқу бағдарламалары мен академиялық ортаны дамытуға елеулі үлес қосқан. Оның MD және PhD дәрежелеріне ие бай тәжірибесі мен жоғары біліктілігі оны жаңа лауазымға лайық етті. Профессор Мейірманов жоғары медициналық білімді Қазақстанда алған, ал PhD дәрежесін Жапонияда қорғаған, бұл оның екі ел арасындағы терең академиялық байланыстарды көрсетеді.
Сонымен қатар, профессор Мейірманов Қазақстанның ғылыми саласын дамытуда да белсенді рөл атқарып келеді. Ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым және технологиялар кеңесінің мүшесі және Ұлттық ғылыми кеңестің шетелдік сарапшысы ретінде жұмыс істейді.
Рицумейкан Азиаттық-Тынық мұхит университеті әлемдік деңгейде халықаралық білім беру ортасымен танымал. Университетте 100-ден астам ел мен аймақтан 6 мыңға жуық студент оқиды, ал оқытушылар құрамының жартысынан көбі шетелдік мамандар. Университеттің басты мақсаты – жаһандық көшбасшыларды дайындау.
Өзінің жаңа лауазымына қатысты пікір білдірген профессор Серік Қасымханұлы:
"Бұл – мен үшін зор құрмет әрі үлкен жауапкершілік. Вице-президент ретінде APU университетінің дамуына өз үлесімді қоса алатыныма қуаныштымын. Университет басшылығына білдірген сенімі үшін алғысым шексіз. APU – расымен де ерекше білім ордасы, және мен оның өркендеуі үшін еңбек етуді жалғастыратыныма қуаныштымын. Сонымен қатар, халықаралық академиялық қауымдастықта Қазақстанды таныстыра алатынымды мақтан тұтамын. Бұл тағайындау Қазақстан мен Жапония арасындағы ғылыми және білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға сеп болады деп сенемін. Әсіресе, еліміздің Президенті ғылымды, халықаралық ғылыми зерттеулер мен білім беруді дамытуға ерекше қолдау көрсетіп отырғанын ескеру қажет", - деді.
Профессор Мейірмановтың Жапонияның жетекші халықаралық университеттерінің біріне вице-президент болып тағайындалуы – Қазақстан үшін үлкен жетістік және мақтаныш, сондай-ақ халықаралық аренада мансап жасап жүрген отандық ғалымдар мен мамандар үшін шабыт беретін үлгі.
Серік Мейірманов 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап вице-президент лауазымына ресми түрде кіріседі.