Өткен жылы жемқорлық жайлы ақпаратпен бөліскен 104 қазақстандық 35,5 млн қаражат алған, деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл туралы Антикордың баспасөз қызметі жария етті.
«2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жалпы сомасы 35,5 млн теңгеге 104 азаматты көтермеледі, оның ішінде 38 мемлекеттік қызметші грамоталармен марапатталды», - делінген хабарламада.
Сыйақы алғандардың ең көп саны Қарағанды, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында тұрады. Антикордың мәліметінше, мемлекеттік қызметшілердің арасында жемқорлық туралы хабар беретіндердің саны артып келеді.
Агенттік әрбір хабарлама уақытылы тексерілетінін мәлімдеді. Былтыр Call-орталыққа 26 мыңнан астам өтініш түскен.
Айта кететіні, қолданыстағы заңнама бойынша жемқорлық туралы хабарлағаны үшін 15,7 млн теңгеге дейін сыйақы көзделген.