Бурабайда өткен төртінші Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы біраз түйткілді мәселелерді қозғады. Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Абай мақсат тұтқан интелектуалдық қоғам қалыптасу үшін мінез-құлқымызға, сөйлеу мәдениетіне, іс-әрекетімізге жауапкершілікпен қарауымыз керектігін айтады.
Ұят – ар тазалығының айнасы!
Бүгінгі қазақ киносынан ұят кетіп барады. Прокатқа шыққан отандық фильмдердің санына емес, сапасына мән бергеніміз маңызды. Президент осы мәселенің ушығып бара жатқанын айтып, бақылауға алу керектігін ескертті: “Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа” – деді.
Ендігі жерде отандық кинолардың сапасына мән беріп, прокатқа шығарар алдында лицензия алуды заңмен міндеттеу керек. Құзырлы органнан бақылау болмаса бассыздық ұлғая береді.
Әдеп – қоғамның ішкі мәдениетінің көрінісі!
Ешкімнің жеке қуанышына, қазан-ошағына араласпаймыз. Бірақ бүгінгі той-жиындардағы ұлттық болмысымызға жат, әдепсіз қылықтар, ысырапшылдық, еліктеушілік, бипыл сөздер, саналы қазақты жирендіретіні сөзсіз. Президент алдында сөйлеген Бекзат Алтынбаев қоғамды даңғойлыққа сүйреп бара жатқан мұндай түйткілді мәселені бір жүйеге келтіру керектігіне тоқталды.
«Әдеп ережесі» қабылдануы маңызды! Қоғамдық тәрбие мен ұлттық бірегейлікті нығайту туралы да маңызды пікірлер айтылды.
«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Бізге отаншыл, білімді, жауапты ұрпақ тәрбиелеу үшін мектептерде «Адал азамат» атты бағдарламаны енгізген жөн», – деді Президент.
Дәстүрлі асыл дінімізде жат ағымдарға жол жоқ!
Мемлекет басшысы жат діни ағымдарға қарсы күресті күшейтуді талап етті.
«Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ», – деді.
Оразаның оразды күні айтылған түйткілді мәселеге мән беру — ортақ міндетіміз!
Ғылым және инновация!
Қазақстанда ғылым қалашықтарын құру туралы нақты міндет қойылды.
«Қазақстанда әлі күнге дейін бірде-бір ғылым қалашығы жоқ. Үкімет ғылым қалашықтарын салу туралы ұсыныстарды жан-жақты зерделеуі керек», – деді Мемлекет басшысы.
Өркенді ғылым – экономикалық әлеуеттің, мемлекет болашағының кепілі. Сондықтан да ғылымды дамыту — өркендеудің бірден - бір өнегелі жолы!
Өңірлерді дамыту!
Президент орталық пен өңірлер арасындағы алшақтықты жою, шекаралық аймақтарды дамыту қажеттігін атап өтті.
«Өңірлердің дамуындағы алшақтықты жою – негізгі міндеттің бірі. Аймақтар арасында теңсіздік болмауы керек. Ауылдарды дамыту, әсіресе шекаралық аумақтарға басымдық беру – стратегиялық маңызы бар мәселе», – деді.
«Босап қалған жер жау шақырады» демекші жеріміздің шетіне ел толтырып іргемізді бекемдеу — маңызды мұрат! Мемлекет басшысы шекара түбіндегі аймақтарға арналған заң жобасын әзірлеуді тапсырды.
Аймақтардағы инфрақұрылымды дамыту!
Президент автокөлік жолдарын дамыту туралы тапсырма берді.
«Жаңа күре жолдар аймақтардың экономикалық мүмкіндігін арттырады. Мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашады», – деді.
Орталық — Батыс тасжолын, Арқалық қаласында әуежай салуды тапсырды. Бұл қадам — Торғай өңірінің қайта түлеуіне жол ашады.
Құрылтайда Президент қоғамдағы ең өзекті мәселелерге тоқталып, әр сала бойынша нақты міндеттерді айқындады. Бұл мәселелердің шешілуі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен азаматтардың әл-ауқатының артуына жол ашатыны сөзсіз!