ХОК атқарушы комитеті боксты 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына қосу туралы ұсыныс жасады, деп хабарлады turkystan.kz.
Ақтық шешім осы аптада Грекияның Коста-Наварино қаласында өтетін ХОК-нің 144-сессиясында қабылданады.
⠀
Бастапқыда, 2022 жылғы ақпанда бекітілген Олимпиада спорт түрлерінің тізіміне бокс енгізілмеген еді. Бұған Халықаралық бокс қауымдастығындағы (IBA) мәселелер себеп болды. 2023 жылдың маусымында ХОК IBA-ны ресми түрде мойындаудан бас тартты, бұл жағдай 2028 жылғы Олимпиададағы бокс жарыстарының болашағына әсер етті.
⠀
Париж Олимпиадасында бокс жарыстары ХОК-нің арнайы жұмыс тобының басқаруымен өтті. Бұл шешім спортшыларға турнирге қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етті.
⠀
ХОК бұған дейін бокстың Олимпиада бағдарламасында қалуы үшін жаңа халықаралық федерация құру қажеттігін мәлімдеген болатын. 2025 жылдың ақпанында ХОК-нің атқарушы комитеті World Boxing ұйымын уақытша мойындады. Қазіргі таңда бұл ұйым 84 ұлттық федерацияны біріктіреді.