16 наурыз – Шаңырақ күні
Бұл күн дәстүрге құрмет пен ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтудың жарқын символына айналды

Шаңырақ – киіз үйдің элементі ғана емес, ұрпақтар сабақтастығының, бірлік пен берекенің киелі символы. Қазақ мәдениетінде ол отбасыны, ал мемлекеттік деңгейде – ұлттық бірлікті білдіреді, сондықтан ол Қазақстанның Елтаңбасында бейнеленген.
Шаңырақ – мемлекеттіліктің, тұрақтылық пен сабақтастықтың символы. Ол қазақ дәстүрінде отбасы құндылықтарын, қорғанысты, өзара көмекті, ел бірлігін бейнелеген. Бүгінде ол барлық этностарды, әр түрлі ұрпақтар буыны мен елдің барлық аймақтарының тағдыры тоғысқан Қазақстанның азаматтық қоғамдастығын бейнелейді.
Бұл күн Қазақстан азаматтығы этностық ұғымнан биік тұратынын айшықтайды. Біз – сырт кейпіміз әр түрлі болса да, бәріміз – бір халық, бір қоғам, бір елміз.
Бұл күн «қазақстандық» болу – саналы таңдау екенін, яғни, ел мүддесін бәрінен биік қою, мемлекеттің дамуына үлес қосу және оған тән құндылықтарға бойұсыну екенін түйсіндіруге арналған.
Бәріміздің ортақ үйіміз – Қазақстан, ал болашақ ұрпаққа іргесі еркі, керегесі кең, шаңырағы биік үй қалдыру өз қолымызда.
Ендеше, Наурыз – ортақ болмыстың жаңаруы. Сондықтан бұл күні мәдениеттер алуандығын көрсетіп қана қоймай, Қазақстан атты бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан біртұтас халық екенімізді түйсіну маңызды.
Қазақ мәдениетінде шаңырақ қашан да отбасын, сабақтастық пен береке-бірлікті бейнелеген, әсіресе, жаңа отау құрылған кездегі орны ерекше мәнге ие. Жас отаудың шаңырағын елге сыйлы, жасы үлкен күйеу көтерген. Бұл дәстүр болашақ отбасы іргетасының берік болуына тілеулестік танытуды білдіреді.
Қалыптасқан ұғым-түсінікке сай, наурыз айы, яғни Наурыз мейрамы – шаңырақ көтеруге қолайлы кез саналады, себебі бұл қуанышқа алыстағы ағайын-туыс жиналады. Жас жұбайларға «Шаңырақтарың биік болсын!» деген тілек айтылып, отбасы беріктігін тілейді. Қазақ мәдениетінде шаңырақ бақытты өмірдің негізі, ұрпақтар сабақтастығы мен туыстық байланыстың беріктігін сипаттайды.
Бұл күн отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқорлық жасауға, салт-дәстүрді сақтауға бағытталған. Отбасы – адам сүйіспеншілікке, мейірімділікке, төзімділікке, жауапкершілікке баулитын адамгершіліктің алғашқы мектебі. Бұл күні туыстық байланыстың маңыздылығын, отбасылық дәстүрлерді сақтап, оларға келер ұрпаққа аманат ету қажеттігін ерекше атап өткен жөн.
Бұл күн дәстүрге құрмет пен ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтудың жарқын символына айналды.
Берекелі отбасы еңбекке, жауапкершілікке, дәстүрді құрметтеуге негізделген, демек, оны нығайтуда Еңбек адамы басты рөл атқарады. Адал еңбек иесі отбасы берекесін арттыруға, қоғамның дамуына күш салады.
Отбасына, айналасына жауапкершілікпен қарау – салт-дәстүрді сақтаудың, үлкенді сыйлаудың, кішіге қамқорлық жасаудың маңыздылығын түсінетін Адал азаматқа тән қасиет. Адалдық, әділдік, өзара көмек және Заңды құрметтеу сияқты басты адамгершілік принциптері отбасыда қалыптасады. Ендеше, «шаңырақ» – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан, қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін символ.
Шаңырақ – тек отбасы емес, сонымен бірге ашықтық, қонақжайлылық пен ешкімді алаламау ұғымы. Қазақтың дәстүрінде үйге келген адам – құтты қонақ, оны жылы қабақпен қарсы алу – міндет. Бұл өзара сыйластық, ынтымақтастық және адамға жанашырлықты бойына сіңірген қазақстандық қоғамның философиясын көрсетеді.
Осылайша, Шаңырақ күні қазақстандықтардың отбасылық дәстүрлерді нығайтуға және жас ұрпақты отансүйгіштік, адамгершілік, білімпаздық пен еңбексүйгіштік рухында тәрбиелеуге деген ұмтылысын бейнелейді.