сейсенбі, 8 сәуір, 2025

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерді

/
Ресейде инфляция қарқын ала түскендіктен, сыртқы сектордың бағаға әсері күшейді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Инфляцияның барлық көрсеткішінде өсу байқалады. Жылдық инфляция ақпанда 9,4%-ға дейін жеделдеді. Барлық компонент бойынша бағаның өсу қарқыны жеделдегені байқалады. Әсіресе қызметтер бағасының өсуі айтарлықтай үлес қосып отыр. Ақпанда айлық инфляция едәуір өсіп, орташа тарихи динамикадан айтарлықтай асып түсті. Айлық базалық және маусымдық факторлардан тазартылған инфляция көрсеткіштерінен (тиісінше, ақпанда бір жылға есептегенде – 14,2% және 16,9%) фискалдық ынталандыру және тұтынушылық кредит берудің (2024 жылдың қорытындысы бойынша жылма-жыл 33,5% өсім) шамадан асып кету жағдайында ішкі сұраныс жағынан қысымның айтарлықтай үдегені көрінеді. Сонымен бірге ақпанда халықтың инфляциялық күтулері тағы да 13,7%-ға дейін өсті», - делінген хабарламада.

Ресейде инфляция қарқын ала түскендіктен, сыртқы сектордың бағаға әсері күшейді. 2024 жылғы желтоқсаннан бастап біршама төмендегеніне қарамастан, әлемдегі азық-түлік бағасы әлі де жоғары деңгейде. Қазіргі уақытта бағаның жаһандық өсуі орнықты болып отыр. Инфляциялық және геосаяси тәуекелдер сақталуда және олар орталық банктердің қатаң ақша-кредит саясаты мен риторикасына негіз болды.

Негізгі сценарийде Brent маркалы мұнайдың бағасы болжамды кезеңнің соңына дейін орташа есеппен 1 баррель үшін 70 АҚШ доллары деңгейінде сақталды. Сценарий шарттары бағаның нақты динамикасы мен мұнай нарығындағы ұсыныстың сұраныстан артуын ескере отырып қалыптастырылды.

 

Бөлісу: