сәрсенбі, 9 сәуір, 2025

Үкімет «Жомарт» кенішіндегі апат тергеуінің алдын-ала қорытындыларын талқылады

/
Өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау ережелері бұзылғаны анықталып, жауапты тұлғалар белгілі болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтік комиссияда «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Жомарт» кенішіндегі апатты тергеудің алдын-ала қорытындылары қаралды.

Комиссия тау-кен қазбасынан метанның жиналуы мен бөлінуі, содан кейін электр жабдықтарының ұшқынынан жарылыс болуы сияқты апаттың негізгі себебін анықтады. Сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бойынша айтарлықтай ереже бұзушылықтар анықталып, жауапты тұлғалар тобы белгілі болды.

Кеңес қорытындысы бойынша комиссия төрағасы Қанат Бозымбаев «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ға бұзушылықтарды жою мен апаттардың алдын алу бойынша, оның ішінде кеніштегі қауіпсіздікті арттыру, ауадағы газ құрамын анықтаудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу, бейнебақылау орнату және басқа да бірқатар тапсырма берді.

Бөлісу: