Қостанай облысында депутаттар сот залында қамауға алынды
Екеуі де мемлекеттік қызметке өмір бойы келе алмайды

Қостанай қалалық сотында Бейімбет Майлин ауданы мәслихатының депутаттарына қатысты сыбайлас жемқорлықпен байланысты іс қаралды.
Сот 2024 жылдың тамызы мен қазаны аралығында жүргізілген мемлекеттік аудиттің жергілікті ЖШС-ның бірінен мемлекеттік сатып алу кезінде мөлшері 38,77 млн теңгені құрайтын заңбұзушылықтар анықтағанын көрсетті. Депутаттардың бірі департамент өкілдеріне істі тоқтату үшін 2 млн теңге пара ұсынған. Екінші депутат ақшаны беру кезінде ұсталды.
Прокурор оларды 2 жыл 7 ай және 1,5 жылға бас бостандығынан айырып, мемлекеттік қызметке өмір бойы келе алмайтын етуді сұрады. Айыпкерлер өздерінің кінәсін мойындап, іс қысқартылған тәртіпте қаралды.
Сот олардың бірін 1 жыл 6 айға, екіншісін 2 жыл 7 айға соттады. Екеуі де мемлекеттік қызметке өмір бойы келе алмайды.
Олар сот залында қамауға алынды. Үкім күшіне енген жоқ.