Ауыл оқушысы электр энергиясын су құбырынан алу жүйесін әзірледі
Бұл жаңашыл идея баламалы энергетика саласында жаңа қадам болмақ және болашақта қала инфрақұрылымын жетілдіруде маңызды рөл атқаруы әбден мүмкін.

Оқу-ағарту министрлігі «100 жаңа есім — 100 новых лиц» айдарының аясында Абай облысы Бесқарағай ауданы Н.Баймұратов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Дидар Баталовтың инновациялық жобасын таныстырды.
Жас өнертапқыш ұстазы Мейрамғали Жексенаевтың жетекшілігімен көппәтерлі үйлердің құбырларындағы су ағынын пайдалана отырып, электр энергиясын өндіру жүйесін әзірледі.
«Жоба су есептегіштеріне ұқсас шағын турбиналарды құбырларға орната отырып, тұрақты түрде қалыптасатын қысымды тиімді пайдалану арқылы оны электр энергиясына айналдыруды көздейді. Яғни мұндай шағын гидроэлектростанциялар көпқабатты үйлердің кіреберістері мен баспалдақ алаңдарын жарықтандыруға қажетті электр энергиясын өндіре алады, сондай-ақ пәтерлерге дербес орнатуға да болады. Құрылғы экологиялық таза әрі тиімді шешім ретінде көмір мен басқа да отын көздеріне тәуелділікті азайтуға ықпал етеді», - дейді өнертапқыш оқушы.
Бұл жаңашыл идея баламалы энергетика саласында жаңа қадам болмақ және болашақта қала инфрақұрылымын жетілдіруде маңызды рөл атқаруы әбден мүмкін.