Биыл Павлодарда 417 шақырым жолға жөндеу жұмысы жүргізіледі

Биыл Павлодарда 417 шақырым жолға жөндеу жұмысы жүргізіледі
Istockphoto
142

Автокөлік жолдарын және көшелерді қайта жаңарту мен жөндеуге қазынадан 25,3 млрд теңге қарастырылған.

 Ертіс-Баян өңіріндегі авжолдардың жалпы ұзындығы - 5515 км. Оның 1663 километрі республикалық болса, 1122 километрі облыстық маңызға ие.

Павлодар облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, биыл 417 км жергілікті және республикалық маңызы бар жолдар мен көшелерді қайта жаңарту, жөндеу бойынша 88 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

 - Оның ішінде 96 км - республикалық маңызы бар жолдар. Ауылдық елді мекендердегі көшелерді жөндеу бойынша жалпы ұзындығы 89,9 км болатын 38 жоба іске асады. Өңірде ауылдардың кірме жолдарын жөндеуге маңыз беріліп отыр. Соңғы екі жылда 59 кірме жол жөнделсе, тағы 62 жолды келер жылдың соңына дейін аяқтауымыз керек. Жалпы биыл жергілікті автокөлік жолдары және көшелерді жөндеуге 25,3 млрд теңге бюджет қаражаты бөлінген. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр 795 км жол қайта жаңартылып, жөнделді. Оған бюджет көздерінен 68 млрд теңге жұмсалды. Қазіргі таңда биылғы жобаларға конкурстық рәсімдер жүруде, жақын арада мердігерлік ұйымдар анықталады, - дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Нариман Омар.

Бұған қоса республикалық маңызы бар автожолдарды қалпына келтіру бойынша жалпы ұзындығы 96 шақырымды құрайтын автожолдардың 3 учаскесіне қаражат бөлу қарастырылған. Атап айтқанда, «Атамекен – Ертіс – Русская Поляна», «Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ботақара», «Астана-Ерейментау-Шідерті» бағытындағы автожолдар қамтылуы керек.

Маманның сөзінше, аймақ автожолдарында төрт кезеңнен тұратын сапаны бақылау жүргізіледі. Ұлттық жол активтері сапасы орталығының бақылауы, авторлық және техникалық бақылау, сондай-ақ қоғамдық бақылау бар. Сапа орталығының мамандары былтыр 629 сапар жасап, шамамен 1950 материал үлгісін жинаған. Нормативтік талаптар бұзылса, мердігерлік ұйымдар кемшілікті жоюы керек. Болмаған жағдайда тапсырыс беруші мердігерді сотқа береді. Мысалы, былтыр соттың шешімі бойынша «МКК Элит Строй» ЖШС жосықсыз мердігер деп танылған.

Жалпы Ертіс-Баян өңіріндегі автожолдардың шамамен 90 пайыздан астамы қағанаттарлық деңгейде деп бағаланады.

Серіктес жаңалықтары