Түркістан облысының жекеменшік мектептерінде 3400 қызметкер үш айдан бері жалақы алмай жүр, деп хабарлады turkystan.kz ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Басылым Түркістан облысында 150-ге жуық оқу орны қаражат тапшылығын сезініп отырғанын, оқушылардың тамағы мен тасымалдауына ақша жетіспейтінін жазды. Соның салдарынан мұғалімдер жаппай жұмыстан кете бастаған. Өйткені олар былтырғы желтоқсан айынан бері еңбекақы алмаған.
Менің шоттарым бұғатталған, несие төлей алмаймын. Төлемдерді үш ай кешіктірдім. Тіпті балаларға тамақ алу қиындады. Қарыз жиналып қалды, жалдамалы пәтерді босатуды сұрап жатыр, – деді мектеп директорының орынбасары Анар Әлімбекова.
Мектептердің бірінің құрылтайшысы журналистерге ай сайын 450 оқушыны оқытуға 48 млн теңге қажет екенін айтқан. Бірақ кейінгі екі айда ақша түспеген.
Қайта қаржыландыру болмаса өңірдің жекеменшік мектептері жабылуы мүмкін. Жауапты органдардың өкілдері қаражаттың кешігуін ақша бөлу тәртібінің өзгеруімен түсіндіреді. Егер бұрын Білім министрлігі ай сайын 5 миллиард теңгені тікелей жіберсе, енді ақша алдымен жергілікті басқармаға түсіп, одан кейін ғана қаржы орталығы арқылы бөлінеді.