Ақтау тұрғындары 1А ықшамауданында Каспий теңізінің жағалауы қызыл түске боялғанын суретке түсіріп алған. Онда судың қан қызыл түске боялғанын байқауға болады, деп хабарлады turkystan.kz сайты Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Мәселенің анық-қанығын «Эко Маңғыстау» мекемесінің басшысы Кирилл Осин түсіндіріп берген.
«Бұл құбылыс жыл сайын болады. Судың қызаруына диатомды балдырлар әсер етеді. Шамасы, температура айырмашылығы көп екеніне байланысты. Бұл қоршаған ортаға зиян емес», - деп сендірді сарапшы.
Маңғыстау облысы Экология департаментінің мамандары теңізге қауіп бар-жоғын тексеру үшін су сынамасын да алған.
«Биыл 12 ақпанда Маңғыстау облысының экологтары Каспий теңізінің қызыл түске боялуына байланысты теңіз суынан сынама алды. Зерттеу аясында теңіз суында химиялық заттар мен мұнай өнімдерінің бар-жоғына сараптама жүргізілді. Нәтижесі алдағы уақытта хабарланады. Бұл құбылысты тұрғындар жыл сайын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге таратады», - делінген хабарламада.
Басылымның хабарлауынша, балдырдың гүлдеуі сирек құбылыс емес. Суға қызыл реңк беретін диатомды гүлдердің балықтарға зияны жоқ, қауіпсіз. Бұл табиғи процесс.