Мәжіліс депутаты жекеменшік балабақшаларға салынатын айыппұлды азайтуды ұсынды

/
Мәжіліс депутаты жекеменшік балабақшаларға салынатын айыппұлды азайтуды ұсынды
Депутат балалардың барлығы бірдей балабақшамен қамтамасыз етілмей отырғанын айтты.

Қайрат Балабиев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады turkystan.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сенсек, республика бойынша 986 мыңнан астам бала балабақшаға барып жүр. Оның жартысынан астамы жекеменшік. Ал 2 жастан 6 жасқа дейін 84 мың бала кезекте тұр. Бұл  балалардың  8,5 пайызы балабақшаға бармайды деген сөз. Басқа облыстарды айтпағанда, бас қаламыз Астананың өзінде балабақша жетіспейді.

«Сайлаушылармен кездесу кезінде, бизнес өкілдері бюрократиялық кедергілерге тап болып жатқанын айтты. Кәсіпкерлер, әсіресе Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің (бұдан әрі – Бақылау комитеті) аумақтық бөлімше қызметкерлері тарапынан профилактикалық тексерулер көбейіп, түрлі сылтаумен негізсіз айыппұл салатынына наразы. Мораторий алынып тасталғалы, тексеруші органдар балабақшаларды жағалаудан жалықпай келеді екен. Құрылтайшылар «қудалаудың» астарында не жатқанын білмесе де, бұны бизнестің дамуына қарсы дискриминация деп түсінеді», - деді депутат.

Ал Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері жылына екі реттен жиі емес мектепке дейінгі ұйымға бару арқылы профилактикалық бақылау жұмыстарын  жүргізуі тиіс.

Алайда, өткен жылы мектепке дейінгі ұйымда 7 497 тексеру жүргізілген,  Нәтижесінде 6 802 (90,7 %) объектіде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың 14 776 жүйелі бұзушылығы тіркеліп,  4 027 жауапты тұлғаға 1 млрд 120 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

«Әр кәсіпкерге жылына екі рет салынған айыппұл 1 млн теңгеден асып, қалталары көтермей, айыппұлды несие алу арқылы төлеуге мәжбүр болған. Бұл мекемелер саудамен айналыспайды, басқа табыс көзі болмағандықтан,  жекеменшік балабақшалар банкротқа ұшыраудың алдында тұр. Бұлай жалғаса берсе, балаларды балабақшалармен 100 пайыз қамтуымыз екіталай. Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы құзырлы органдармен бірлесіп «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы тәуекелдерді бағалау критерийлері мен тексеру парақтарын»   санитарлық ережелер сәйкестігіне талдау жасаған. Қорытындысы бойынша  Тексеру парағындағы 76 талаптың 16-сы санитарлық талаптармен реттелмегендігі, 41-інде сыбайлас жемқорлық тәуекел факторлары анықталған», - деді Қайрат Балабиев.  

Оның айтуынша, мәселе балабақшаларда емес, ережелердің өзінде. Оларды кейде түсіну қиын және орындау мүмкін емес.

«Тротуарлардың қатты жабындары, еденнің, төбенің, қабырғалардың зақымдануы, жылу жүйелерінің радиаторларына арналған тосқауыл құрылғылары және жұмысқа жарамды жиһаздың болуы санитарлық нормаларға қандай қатысы бар? Сонымен қатар, жекеменшік балабақшалардың 80 пайыздан астамы ауылдарда және жалға алынған тұрғын үйлерде орналасқан. Бекітілген ережелер ауылдық жерлердегі объективті шындыққа сәйкес келмейді және ондағы балабақшалар үшін барлық стандарттарға сәйкес келетін ғимараттар жоқ. Кәсіпкерлер өз бизнесінің амандығын ойлап, санитарлық дәрігерлердің әрекетіне шағымданудан қорқады, ал дауласу бизнес үшін өте тиімсіз. Сондықтан, бұл мекемелер, көбінесе, нақты санитарлық қауіп-қатерлерге қатысы жоқ бұзушылықтар үшін төлеуге мәжбүр болады», - деді «AMANAT» фракциясының мүшесі Қ. Балабиев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары