Шотландия тағдыры таразыға түскен кез

Шотландия тағдыры таразыға түскен кез

Шотландия тағдыры таразыға түскен кез
ашық дереккөзі
Шотландияның тәуелсіздік алу мәселесі осымен екінші рет бүкілхалықтық референдумда дауысқа салынуы мүмкін. Сейсенбі күні, 28 наурызда Шотландия парламенті біраз айтыс-тартыстан соң бірінші министр Никола Стердженнің ұсынысын қолдап дауыс берді. Сонымен, 2019 жылдың көктемінде Ұлыбританиядан бөліну не бірге болу мәселесі бойынша референдум өтуі әбден ықтимал.
Анығын айтқанда, Шотландия парламенті тәуелсіздік референдумына байланысты шешімді өткен аптада қабылдауы тиіс болатын. Бірақ Уестминстер сарайының ауласында жасалған лаңкестік оқиғаның кесірінен бұл мәселені талқылау бір аптаға кейін шегерілді. Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй осы ұрымтал сәтті ұтымды пайдалануға тырысып бақты-ақ. Ол апта басында Глазгоға арнайы келіп, Никола Стердженмен кездесті. 13 наурызда Стерджен ханымның референдумды қайта өткізу туралы мәлімдемесінен соң премьер-министрдің бұл аймаққа аяқ басып тұрғаны осы. Сонымен, 27 наурыз күні түстен кейін екі саясаткер ханым Глазгодағы қонақүйде көзбе-көз кездесіп, оңаша кеңессе де, ортақ мәмілеге келе алмаған сыңайлы. Никола Стерджен алған бетінен қайтпайтын кейіп танытады. Ол премьер-министрдің бұл келісіне «іскерлік сипаттағы кездесу» деп баға берді. Рас, Шотландияның Ұлыбританиядан бөліну ықтималдығы біраздан бері айтылып жүр. Әсіресе, Брексит референдумының қорытындысы бұған үлкен қозғау болды. Шотландықтардың 62 пайызы Ұлыбританияның Еуроодақ құрамында қалуын жақтап дауыс бергені мәлім. Бірақ Брекситті қолдағандардың саны ел аумағында басымырақ түскендіктен, шотландықтар өз мүдделері аяқасты болғандай сезінгені рас. 28 наурызда өткен дауыс беру барысында Шотландия парламенті депутаттарының 69-ы референдум өткізуді қолдаса, 59-ы қарсы шыққан. Бастама көтерген Шотландия ұлттық партиясына Жасылдар партиясы үн қосып, референдумға қарсылық білдірген консерваторлар, лейбористер мен либерал-демократтардың сағын сындырды. Осылайша, Шотландия парламенті Никола Стерджен ханымның Британ үкіметімен екінші референдум туралы ресми келіссөздер жүргізуіне құқық берді. Шындығында, референдум өткізу үшін Шотландия парламенті арнайы заң қабылдауы тиіс, ал бұл Лондонның мақұлдауын қажет етеді. Бірақ британ үкіметі қазіргі кезде ең әуелі Біріккен Корольдіктің оң жамбасына келетін оңтайлы Брекситке қатысты келіссөздерге күш салу керектігін айтып, Шотландияның ұсынысына салқын қабақ танытып отыр. Осылайша, Тереза Мэйдің үкіметі Ұлыбритания Еуроодақтан біржола ажырап болғанша, ел аумағында ешқандай референдум өткізуге жол бермейтінін айтады. Ал Никола Стерджен, керісінше, Шотландияның тәуелсіздік алу-алмау мәселесі Брексит толық жүзеге аспай тұрғанда, ең азында Брюссельмен «ажырасу» ісі аяқтала салысымен шешілуі тиіс деп санайды. Шотландықтардың асығатын жөні бар. Себебі Мэй ханым Брекситті жүзеге асыруға тастүйін дайын отыр. Кеше ол Брюссельге Лиссабон келісімінің 50-бабын іске қосу туралы ресми хат жолдады. Бұл Брекситке қатысты ресми келіссөздер бас­талды деген сөз. Егер Британ үкіметінің дегені орындалар болса, алдағы екі жылда бұл мәселе бойынша барлық келіссөздер аяқталып, Ұлыбритания Еуроодақтан сая­си және экономикалық тәуелсіздік алады. Ал Шотландия оған дейін өз тағдырын айқындап алмақшы. Егер аймақ тұрғындары Ұлыбританияның құрамында қалуды қаласа, онда Англия, Уэльс және Солтүстік Ирландиямен бірге «басқа салса – баспақшыл» деп, еуропалық интеграциядан қол үзеді. Ал шотландықтардың көпшілігі шынымен Лондоннан тәуелсіздік алуды жақтап дауыс берсе, онда Шотландия дербес мемлекет ретінде ішкі және сыртқы саясатын өз бетінше жүргізуге құқық алады. Қалай дегенмен де, шотландық референдум Ұлыбританияның келешегіне аса зор ықпал ететін саяси оқиға болғалы тұр. Кейбір сарапшылар Шотландияның онсыз да өз құқықтық жүйесі, жеке шіркеу басшылығы және төл білім беру жүйесі бар бөлек мемлекет екенін айтып жүр. Қазір оны Англия, Уэльс және Солтүстік Ирландиямен конституциялық және заңдық нормалар ғана байлап тұр. Былтыр премьерліктің шылбырын қолына алғанда Тереза Мэй ханым Біріккен Корольдіктегі бірлік пен ынтымақ туралы көп айтып еді. Ол әлі де осы сөзін қайталайды. Бірақ оның: «Мұндай сын шақта біз бөлінбей, керісінше тізе қосып тірлік етуіміз керек» деп ымыраға шақырған үндеуі ескерусіз қалды. Расында, 300 жыл бұрын төрт корольдік бірігіп, бір мемлекетті құраған. Енді сонша жылдық біртұтастықты бұзып, ірге бөлісу оңай шаруа болмайтыны анық. Бәлкім, Шотландияның бөлінуінің салдары (егер референдум өтіп, халықтың еркі сондай шешімге ойысса), Еуроодақтан ажырау ісінен де ауырырақ болар. Бірақ шотландықтардың тәуелсіздік алу-алмау туралы шешіміне Брексит емес, ұлттық экономиканың келешегі қандай болады деген мәселе көбірек ықпал етеді. Осы мәселені жете зерттеген Эдинбург университетінің ғылыми қызметкері Ян Эйххорн осылай деп тұжырады. 2014 жылы өткен референдумда тәуелсіздікке қарсы дауыс бергендердің барлығы дерлік егер Шотландия Ұлыбритания құрамынан шықса, оның экономикалық ахуалы нашарлайды деген көзқараста болған. Ал экономикалық оптимистер, керісінше, тәуелсіздікті жақтап дауыс берген көрінеді. Қазіргі сауалнамалар да шотландықтардың экономикалық жағдайға қатты алаңдайтынын аңғартады. Сондықтан Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуы ұлттық экономикаға кері әсер ететін болса, онда бұл жолы Шотландия өз туын көтеріп, дербестік алуы әбден мүмкін. Экономика демекші, Никола Стердженнің референдум өткізу туралы мәлімдемесінен соң ағылшын фунты америкалық долларға шаққанда тағы құнсыздана түсті. Салыстыру үшін айталық, 2016 наурызда бір фунттың бағамы 1,45-1,50 доллар еді, ал биыл нау­рызда бір фунт – 1,25 доллар шамасында. Шотландия парламенті референдум өткізуді қолдап дауыс бергені мәлім болғаннан кейін ағылшын фунты тағы 0,5 пайыз құнын жоғалтты. Айтпақшы, Шотландия тәуелсіздікке қатысты референдумды бірінші рет 2014 жылы өткізген болатын. Референдумның нәтижесінде 55,3 пайыз қарсы дауыс­пен «тәуелсіздік жариялау» бастамасы аяқсыз қалды. Әйтсе де, ол кез қазіргімен салыстырғанда «ел аман, жұрт тыныш» кезең еді-ау. АҚШ-та Дональд Трамп билікке келмеген, Ұлыбритания Еуропалық одақтан ірге бөлуді жоспарламаған, қоғамдық пікір екіге жарылмаған және парламенттік демократияның өзегіне селкеу түспеген кез еді ол. Ал қазір... енді бәрі мүмкін. Қызуқанды шотландықтарды тоқтату оңай іс емес, сірә. Қазіргі премьер-министр Ұлыбри­танияның біртұтастығын сақтап қалу үшін барын салады. Бірақ ұлттық бірлікке сына қағылып, ортақ қоғамның келбетіне сызат түсті ме? Шотландияның лейбористер партиясының өкілі Ян Мюррей айтпақшы, «Тереза Мэй Ұлыбританияның біртұтас болып қалуын қалайтынын қанша рет айтса да өз еркі, бірақ бұл мемлекетті бөлшектенуге итермелеген оның партиясы мен үкіметі емес пе» деген сөздердің жаны бар. Мэй ханым Дэвид Кэмерон тас­тап кеткен премьер-министрлік билігіне қол созғанда, Брексит пен оның барлық салдары үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға келіскен. Енді Мэй үшін шегініске ешқандай жол жоқ. Брексит көші орнынан қозғалды, енді ол Ұлыбританияны «ғаламдық ел деңгейіне көтере» ме, әлде іштен ыдыратып, саяси бөлшектей ме – тарихи жауапкершілік салмағы қазіргі премьер-министрдің үлесінде.