Түркістан облысы Кентау қаласының 5 жасар тұрғыны Темірлан аз уақыттың ішінде ойша есеп шығарып, жақындарын таңғалдырып жүр. Қосу және азайту есептерін еш қиындықсыз шығаратын ол қазір өзінен үлкен ағасына да математика пәнінен көмектеседі екен. Бұл туралы 24.kz хабарлайды.
Темірлан отбасындағы үш баланың бірі. Ол ешқандай арнайы курстар не үйірмелерге бармай-ақ бүгінде көпмәнді сандардың қосындылары мен айырмаларын оп-оңай есептей алады. Оның математикадан аса дарынды екенін анасы Әсем Аязбаева алғаш рет баласын мектепке даярлайтын кезде байқапты.
"Бір күні маған "Мама, 4-ке 4-ті қосса 8 болады, 8-ді 8-ге қосса 16 болады", - деді. Мен оны калькулятор арқылы есептеп отыр деп ойладым. Бірақ ол ойша есептейтін болып шықты. Мәселен, балабақшадан қайтып кете жатқанда ол көліктердің нөмірлік белгілерін көріп, оларды бір-біріне қоса бастайды", - дейді анасы.
Бес жастағы бала жүздік, мыңдықтарды да қосып, айырмасын шығара алады. Тіпті ағасына үй жұмысын орындауға көмектеседі екен. Мектеп бағдарламасындағы есептерді шығаруға аз ғана уақыт жұмсайды.
Қазіргі таңда кішкентай Темірланды әлеуметтік желі арқылы танитындар көп. Кей қолданушылар мұндай баланың дарынын қалай байқап, қалай дамыту керектігін сұрап жатады екен. Ал баланың өзі бұл жетістікке анасының арқасында жеткенін айтады.
"Есептеуді мамам үйретті. Бұл өте жеңіл. Мен дұрыс жауабын біліп тұрамын. Мен сандарды жақсы көремін", - дейді ол.
Темірлан әліппедегі әріптермен енді таныса бастады. Барлық әріп пен санды ол бірден жаттап алыпты. Ал қазір кішкентай вундеркинд мектепке барып, дарынын шыңдай алатын күнді асыға күтіп жүр.