«Күйеуім – лудоман, балам – науқас»: екі баласымен курьер болып танылған келіншек жан сырын ақтарды

Балаларымды асырау үшін күндіз дүкендерге мәнті, нан пісіріп сатамын, кешке және демалыс күндері курьер болып жұмысқа шығамын, дейді ол

«Күйеуім – лудоман, балам – науқас»: екі баласымен курьер болып танылған келіншек жан сырын ақтарды
фото: видеодан скриншот
666

Әлеуметтік желіде екі баласымен курьер болып жүрген әйел елдің жүрегін елжіретті. Салтанат Мұратова – екі баласын өзі асырап отырған жалғызбасты ана. Нәпақа табу үшін күндіз мәнті пісіріп сатып, кешке екі баласын жетектеп тамақ жеткізуші болып жұмыс істейді. Жолдасымен үш жыл бұрын ажырасып кеткен. Алимент төлемейді. Мемлекеттен ешқандай жәрдемақы алмайды, деп хабарлайды Stan.kz.

Салтанат Мұратова Алматы облысы, Ұзынағаш қаласында бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрады. Күйеуімен үш жыл бұрын ажырасып кеткен. Сөзіне сенсек, жолдасы ішкілікке салынып, тапқан табысына ойын ойнаған соң отбасының ойраны шыққан.

“Екі балам бар. Күйеуім ойынқұмар, ішкілікке әуес болды. Соның салдарынан ажырастық. Балаларымды асырау үшін күндіз дүкендерге мәнті, нан пісіріп сатамын, кешке және демалыс күндері курьер болып жұмысқа шығамын. Қиын емес. Екі баламды жаныма ертіп жүргендіктен жүрегім тыныш”, – дейді әйел.

Салтанаттың курьер болып жұмысқа тұрғанына небәрі бір ай болған. Ұлының психикалық дамуының кешігуі (ЗПР) диагнозы болғандықтан тұрақты жұмысқа тұра алмайды. Ал мұндағы жұмыс кестесі ыңғайлы дейді.

Інім маған өзінің аккаунтын тастап, көктемге дейін қолдануға рұқсат берді. Аптасына екі-үш рет шығып тұрамын. Әсіресе демалыс күні ертерек шықсам, күніне 10 мың теңгеге дейін табыс табамын. Кейде екі баламен жедел жеткізу қиын. Бірақ барлығы баламмен келіп тұрған соң түсіністікпен қарайды. Ұзынағаштан Алматыға дейін автобуспен жетіп аламын, сосын үшеуміз  қала аралап табыс табамыз. Күнделікті сүт, нан, тамаққа жетеді. Біреудің қолына қарап отырғанша, маңдай теріммен тырысып жан бағудамыз. Қызымның арманы –  биші болу. Сол үшін мықты болуым керек.

Келіншектің ұлының психикалық дамуының кешігуі (ЗПР) диагнозы бар. Туғалы баласына бірнеше ота жасалған. Әкесі көмектеспек түгілі жағдайын да сұрамады деп отыр.

Баламды босанғаннан кейін әпкелеріммен бірге тұрдым. Аяқтан тұрып, мықты болуыма бауырларым жәрдемдесті.  Балам он айлық кезінен бастап ауырды. Ұлкен-кіші дәретке мүлде отыра алмайтын еді. Әрең дегенде ота жасап жағдайы жақсарып еді, дәрігерлер психикалық дамуының кешігуі (ЗПР) диагнозын қойды. Қазір емделіп жүрміз. Балам өз еркімен жүреді. Бірақ тамақ ішу, іс-әрекетін бақылау қиын. Кейде сол үшін қатты қиналып кетемін.

Әлеуметтік желінің арқасында адамдар курьер-келіншекке көмектесу үшін бірігіп бір миллионнан аса қаражат жинап, несиесін жауып берген. Сонымен қатар әкімшілік “жұмысқа орналастырамыз” деп уәде беріпті. Бейнеролик желіде көп қаралым жинап, жанашыр жандар қол ұшын созады деп ойламадым, дейді келіншек. 

Серіктес жаңалықтары