Түрмеде отырып мектепке «бомба» қойған адамға үкім шықты
Жарылғыш заттардың қойылғаны туралы хабар беріп, жедел жәрдем жіберуді талап еткен.

Талдықорған қалалық соты №71 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан Ж есімді азаматқа қатысты терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұған дейін аса ауыр қылмысы үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған ол 2024 жылдың қараша айында абақтыда отырып, жаңа қылмыс жасаған.
112, 103 және 102 шұғыл қызметтеріне қоңырау шалып, №25 орта мектепте және автовокзалда жарылғыш заттардың қойылғаны туралы хабар беріп, автовокзалға жедел жәрдем бригадаларын жіберуді талап еткен.
Объектілерді эвакуациялау және тексеру барысында жарылғыш заттар табылмады.
Сот оны ҚР ҚК-нің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша кінәлі деп танып және 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Алдыңғы үкім бойынша өтелмеген жазаның ішінара қосылуын ескере отырып, соңғы жаза 25 жылға бас бостандығынан айыру болып белгіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.