Шымкентте заңсыз салынған 10 бизнес нысаны бұзылады. Олардың ішінде «қызыл сызықта» бой көтерген және құрылыс талаптары ескерілмей, рұқсат құжаттарынсыз салынған ғимараттар бар.
Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы мамандары Ж.Адырбеков көшесі, 18 шағын ауданындағы мекенжайда жеке кәсіпкер К.А.Егембердиеваға тиесілі құрылыс нысанына тексеру жұмыстарын жүргізген болатын.
Нәтижесінде кәсіпкердің сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне қатысты заңнама талаптарын бұзғаны анықталып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 316-бабы 1-бөлігі, 321-бабы және 463-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен аталған нысанды мәжбүрлеп бұзу туралы талап-арыз қанағаттандырылып, бүгін 2 қабатты ғимарат бұзылып жатыр», - деді Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Қала аумағындағы заңсыз құрылыстарға қатысты 115 құрылыс нысаны бойынша 286 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, тиісті тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Былты сот шешімімен 4 құрылыс нысаны бұзылған.
«Биыл 8 құрылыс нысанын бұзу туралы сот шешімі қабылданған, сот шешімдерінің орындалуы сот орындаушылардың қарауында», - делінген хабарламада.