БҚО-да алдағы бес жылда 59 инвестициялық жоба жүзеге асырылады
Өңірде 2024 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша, жалпы өңірлік өнім 1,9 пайызға өсіп, 3,4 трлн теңгені құрады.

Оралда облыс активінің жиыны өтіп, онда Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беріп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан тапсырмаларына сәйкес негізгі міндеттерді белгіледі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша, негізгі капиталға салынған инвестиция 4,7 пайызға өсіп, 712,9 млрд теңгені құрады. 2024 жылдың тоғыз айында жалпы өңірлік өнім 1,9 пайызға өсіп, 3,4 трлн теңгені құрады.
«Экономиканы дамытудың маңызды бағыттарының бірі экспортты ілгерілету және импортқа тәуелділікті төмендету. Жалпы, 2024 жылы экспорт көлемі 6,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Жыл қорытындысы бойынша облыста оң сауда балансы қалыптасқанын, яғни экспорт импорттан асып түсетінін атап өту маңызды. Алайда, экспорттың басым бөлігі мұнай-газ өнімдеріне тиесілі екенін ескере отырып, өңірде өңдеуші өнеркәсіп саласын дамытуды жалғастыру қажет. Инвестицияларды тарта отырып, кәсіпорындар жүктемені ұлғайтып, экспортқа бағдарланған өнім шығаруды басымдыққа айналдыруы тиіс. Алдағы бес жылда облыста 59 инвестициялық жоба жүзеге асырылады, оның 26-сын биылғы жылы енгізу жоспарлануда, бұл 800 жұмыс орнын қамтамасыз етеді», - атап өтті Нариман Төреғалиев.
Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында оның жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 2028 жылға қарай 40%-ға дейін ұлғайтуға бағытталған жүйелі шаралар көзделген.
Сондай-ақ, әлеуметтік саланы және денсаулық сақтауды жақсарту бойынша бастамалар жоспарланған. Атап айтқанда, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, сондай-ақ қала мен аудан әкімдіктеріне жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздарды кәсіптік оқыту мен әлеуметтік жобаларға тарту, халықты жұмыспен қамту бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.