Елордада лифт ішінде жанжал ұйымдастырған адамдар ұсталды

Іс материалдары сотқа жолданды

Елордада лифт ішінде жанжал ұйымдастырған адамдар ұсталды
istockphoto.com
297

Астанада полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған азаматтарды ұстады. Олар тұрғын үйлердің лифттерінде жанжал ұйымдастырып, қаруға ұқсас затты көрсетіп, кездейсоқ куәгерлерді қорқытқан.

Әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбалардың бірінде азамат Г.А. мен оның танысы алдымен ауызша жанжалдасып, кейіннен оны физикалық қақтығысқа ұластырған. Көрініс барысында Г.А. тапаншаға ұқсас затты шығарып, лифт ішінде болған адамдарға бағыттаған, бұл оларда шынайы қауіп сезімін тудырған.

Мұндай әрекеттер азаматтардың үрейге түсуіне, денсаулық жағдайының нашарлауына немесе агрессивті реакцияға әкелуі мүмкін. Құқық қорғау органдары бұл жағдайды назарға алып, оқиғаның ұйымдастырушысы ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Оған ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік іс қозғалып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс материалдары сотқа жолданды.

Серіктес жаңалықтары