Президент Парламенттің алдына бірқатар ауқымды міндет қойды – Ерлан Қошанов
Ерлан Қошанов әлеуметтік желіде жазба қалдырды.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы атап өткен ауқымды міндеттерге тоқталды, деп хабарлады turkystan.kz.
«Бүгін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысына бүкіл елдің назары ауды. Онда мемлекетіміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды. Қазіргі жаһандық үдерістерді ескере отырып, алдымызға жаңа ауқымды міндеттер қойылды. Президенттің Үкіметке берген тапсырмаларының бәрінде инвестиция тартуға, озық технологияларды енгізуге және барлық деңгейдегі лауазымды тұлғалардың экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуі үшін батыл әрі ұтымды шешімдер қабылдауына ерекше басымдық беріледі. Мұның бәрі елдің ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерін айшықтайды. Және негізгі міндетіміз – азаматтардың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етуді шешуге тиіс. Күрделі геосаяси ахуал мен елдегі қиындықтарға қарамастан, Үкімет 2024 жылы экономикада 4,8 пайыз өсімді қамтамасыз еткенін атап өткен жөн. Ауыл шаруашылығы, құрылыс және сауда – оң қарқын көрсеткен ең үздік үш сала. Агроөнеркәсіптік кешеннің жетістігі айқын көрініп тұр. Былтыр мемлекет тарапынан бұл салаға ерекше көңіл бөлінген болатын. Ол өз нәтижесін көрсетіп отыр. 2025 жылы Мемлекет басшысы осы қарқынды күшейтіп, егіс жұмыстарына 700 миллиард теңге бағыттау міндетін қойды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Шаруалар осы сенімді ақтап, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені дамудың жаңа деңгейіне шығады деп білемін. Депутаттар Президент берген тапсырмалардың бәрін мұқият зерделеді», – деді Ерлан Қошанов.
Сондай-ақ ол экономиканы әрі қарай жаңғырту аясында Парламенттің алдына бірқатар ауқымды әрі нақты міндет қойылып отырғанын айтты.
«Бірінші. Президент экономиканы дамытуға бағытталған алдағы жұмыс барысында айқын және тұрақты заңнамамен қамтамасыз етуге тағы да назар аударды. Салық және Бюджет кодекстері осы істің басты діңгегі деуге болады. Қоғамда осы заңдар реттейтін мәселелер ең қызу талқыланып жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Мұнда оңай шешімдер жоқ, популизмге жол берілмейді, барлық факторлар нақты есептеліп, ескерілуге тиіс. Қаржы тапшылығы жүйелі түрде түбегейлі шешілуі қажет. Ал елдің тұрақты алға басуы үшін әлемдегі көшбасшы елдер сияқты жыл сайын дамуға бағытталған бюджеттің көлемін 20 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуіміз керек. Парламентте жаңа кодекстер бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Салық кодексі жөніндегі жұмыс тобына 300-ден астам адам кірді. Олар – сарапшылар, бизнес қауымдастықтар мен кәсіпкерлік ортаның, мүдделі министрліктердің өкілдері. Әрқайсысының өз көзқарасы бар. Әр отырыс қызу өтіп жатыр. Пікірталас ашық әрі жария түрде жүргізілуде. Президенттің бүгінгі берген тапсырмаларын ескере отырып, депутаттар осы жұмысты күшейте түседі.
Екінші. Депутаттар жуық арада жер қойнауын пайдаланушылар үшін түсінікті және ашық заңнамалық негіз қалыптастыру бойынша шаралар қабылдайтын болады. Былтыр Президенттің тапсырмасы бойынша бұл бағытта ауқымды жұмыс басталып кетті. Елге ірі шетелдік компаниялар келе бастады. Осы жұмысты жалғастыруымыз керек. Ол дегеніміз – миллиондаған доллар ивестиция және қосымша жұмыс орындары. Бұл салада біздің мемлекетіміздің әлеуеті мол. Бүгінде оған әлемдік алпауыттардың қызығушылығы зор.
Үшінші. Цифрландыру бойынша да заң шығару жұмысын күшейтуіміз қажет. Қазақстан бұл бағытта көш басында келеді. Бірақ босаңсуға болмайды. Қазіргі таңда осы салада күнделікті өзгерістер болып жатыр. Сондықтан біз цифрлық әлеуетімізді үздіксіз жетілдіріп отыруға тиіспіз. Мемлекет басшысы Үкімет алдына қойған стратегиялық міндеттерді құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету үшін Мәжіліс Цифрлық кодекс пен жасанды интеллект туралы заң жобасын әзірлеп жатыр. Олардың мақсаты – елімізде үздік цифрлық жобаларды ендіру үшін ең прогрессивті орта қалыптастыру. Бұл – құқықтық қатынастардағы жаңа сала. Сол себепті Қазақстанның әлемдік рейтингтерден лайықты орнын табуына барлық мүмкіндігі бар. Бірақ мәселенің екінші жағы да жоқ емес. Тұрмысымызға цифрландырудың дендеп енуімен қатар киберқылмыстан төнетін қауіп-қатерлер де артуда. Бүгінде бұл түйткілмен барлық ел бетпе-бет келіп отыр. Біз қазірдің өзінде интернет-платформалардың қызметін заңнамалық тұрғыда реттеуде біраз іс атқардық. Алайда әлі де жұмыс көп екенін көріп отырмыз. Мүдделі мемлекеттік органдар әлемдік тәжірибені ескере отырып, киберкеңістікте жалған ақпаратпен, манипуляциямен, алауыздық тудырумен күресу үшін жаңа шаралар ұсынуға тиіс. Депутаттар осы мәселені өз бақылауында ұстайды.
Төртінші. Президент міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалау бойынша заңнамалық шаралар әзірлеуге ерекше мән берді. Кеше Мәжілісте осы мәселеге арналған Үкімет сағаты өтті. Жан-жақты талқылау болды. Іс-шара БАҚ-та кеңінен жарияланды. Депутаттар сайлаушылар атынан көптеген сұрақ қойды. Ол – тарифтер, қызметтердің сапасы, жұмыс регламенттері сияқты бірқатар өзекті мәселе. Сөйтіп, Мәжіліс іргелі ұсыныстар дайындады. Түйткіл аз емес. Олардың бәрі әзірленіп жатқан заң жобасы аясында шешілуі қажет.
Бесінші. Үкіметтің жұмысын жандандыруда өңірлік интеграция жаңа нақты бағытқа айналуы керек. Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында Орталық Азия аймағындағы бес елдің ұйысуы ең жоғары деңгейде жүріп жатыр. Бұл барлық салада тың мультипликативті бәсекелестік мүмкіндіктерге жол ашуда. Ендігі кезекте Үкімет осы әріптестікті өнеркәсіп, көлік, логистика, агроөнеркәсіптік кешен, IT-сектор және басқа да салаларда нақты мазмұнмен толықтыруы қажет. Біз Президент қалыптастырған дамудың жаңа мүмкіндіктерін барынша пайдалануға тиіспіз. Депутаттар парламенттік дипломатия аясында аталған мәселелерді шешуге атсалысады», – деді Мәжіліс төрағасы.
Мәжіліс төрағасы Президенттің атом саласын дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғанын да тілге тиек етті.
«Жаңа атом станцаларын салу нақты аймақтардың ғана емес, жалпы мемлекет үшін де дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашары анық. Өйткені, қолжетімді әрі сенімді қуат көзі бизнес пен өндірістің дамуы үшін берік негіз болмақ. Осы факторларды ескере отырып, депутаттар екінші АЭС-тің салынатын жерін анықтау бойынша өз ұсынысын дайындайды. Сонымен қатар Президент «AMANAT» партиясының «Әкімдер мектебі» жобасына оң баға берді. Барлық деңгейдегі әкімдердің сайлануы Мемлекет басшысы қолға алған негізгі реформаның біріне айналды. Сайланған әкімдердің сайлаушылар сенімін толық ақтауы, атқарушы билік жүйесінде жұмыс істеуге қажетті құзіретінің болуы өте маңызды. Партия осы міндетті Үкіметпен бірлесе шешуге дайын. Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгін қоғамды толғандырып отырған ең түйткілді мәселелер бойынша көзқарасымен бөлісті. Бұл –депутаттар мен Үкіметтің бірлескен іс-әрекеті үшін нақты әрі басым бағыттар. Енді уақыт создырмай, бұл жұмысқа білек сыбана кірісу керек», – деді ол.