Польша Фредерик Шопеннің «№4 балладасының» қолжазбасын сатып алды
Польша Фредерик Шопеннің «№4 баллада» фа минор нота қолжазбасын жеке меншік иелерінен ұзақ келіссөздерден кейін сатып алды. Енді бұл ерекше құнды қолжазба Варшавадағы Шопен музейінде көрмеге қойылды.
Варшавадағы Фредерик Шопеннің Ұлттық институты төрт беттік манускриптті сатып алғанын хабарлады. Құжаттың құны келісімшарт шарттарына байланысты құпия сақталуда.
Польша Мәдениет министрі Ханна Врублевскаяның айтуынша, бұған дейін ешқашан көпшілікке көрсетілмеген бұл ноталық қолжазба үлкен тарихи және мәдени маңызға ие. «Шопен – біздің мәдени мұрамыздың ажырамас бөлігі. Ол тек музыкант қана емес, сонымен бірге Польша рухын бейнелейтін тарихи тұлға. Осылайша, оның қолжазбасының Польшаға оралуы ерекше оқиға», – деді министр.
Қолжазба Варшавадағы Шопен музейінде сақталып, мұқият зерттелетін болады. Биыл бұл құнды жәдігер Фредерик Шопен атындағы Халықаралық пианистер байқауында және Польша астанасында өтетін «Романтикалық өмір» көрмесінде көрсетіледі.
Көрменің басты ерекшелігі – париждік Романтикалық өмір музейі ұсынған 70-тен астам экспонаттың қойылуы. Варшавадағы Ұлттық институттың директоры Артур Шкленер бұл Польшада ұйымдастырылатын алғашқы ауқымды көрме екенін атап өтті.