Дональд Трамп ресми түрде президент атанды

Трамп екінші рет Ақ үйге қайта оралды.

Дональд Трамп ресми түрде президент атанды
сурет ашық дереккөзден алынды
237

Вашингтонда өткен инаугурацияда Дональд Трамп ресми түрде АҚШ-тың 47-президенті ретінде қызметіне кірісті, деп хабарлады turkystan.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Трамп екінші рет Ақ үйге қайта оралды. Оның саяси жолы күрделі болғанына қарамастан, оның табандылығы мен қолдаушыларының ықпалы қайта жеңіске жеткізді.

Капитолий ғимаратына келген Трамп Конституцияны қорғауға және халық мүддесіне қызмет етуге салтанатты түрде ант берді. Ол өз сөзінде: «Мен АҚШ президентінің міндеттерін адал орындауға және бар күш-жігеріммен Конституцияны қолдауға, қорғауға және сақтауға ант етемін» деп атап өтті.

Инаугурацияға Трамптың жақындары – жұбайы мен балалары қатысты. Сондай-ақ, шараға бұрынғы президенттер Барак Обама, Джордж Буш және Билл Клинтон жұбайларымен келді. Әлемге әйгілі бизнесмен Илон Маск та салтанатты жиынның құрметті қонақтары қатарында болды. Масктың Трамп саясатына қолдау білдіруі көпшіліктің назарын аударды.

Салтанатты шарадан кейін Трамп президент ретіндегі алғашқы әрекеттерін қолға алады. Оның жоспары миграциялық саясатты күшейтуді, табиғи ресурстарды белсенді игеруді және әртүрлі топтардың үкімет жұмысына қатысуын азайтуға бағытталған бағдарламаларды тоқтатуды қамтиды.

Инаугурация кезінде сөйлеген сөзінде Трамп елде жаңа дәуірдің басталғанын жариялады.

«Өзгеріс толқыны бүкіл елді қамтып, ұлттық табысқа жаңа есік ашқалы тұр. Бұл - Американың толық қалпына келуі мен ақылға негізделген революцияның бастауы», - деді ол.

Дональд Трамптың инаугурациялық сөзінде ел болашағы туралы батыл мәлімдемелер жасалды. Оның сөзі Америка үшін жаңа бетбұрыстың бастауын айшықтап, ел ішіндегі өзгерістерге деген сенімді нығайта түсті. 

Серіктес жаңалықтары