Цифрлық теңсіздік экономикаға қалай әсер етеді?
Әлемдік бәсекеге қабілетті болуда цифрлық трансформацияны ілгерілетіп, инновациялық экономиканы дамыту керек. Әсіресе, қала мен ауыл тұрғындарының интернетке қолжетімділігін теңестіру маңызды. Онсыз тұтас ел заман талабына сай өркендеуі қиын.
ЦИФРЛАНДЫРУДЫҢ МАҢЫЗЫ НЕДЕ?
1968 жылы кинорежиссер Стэнли Кубриктің «2001 жыл: Ғарыш Одиссеясы» фильмі жарық көрді. Ғылыми-фантастикалық эпопеяда алғаш рет электронды құрылғы мен компьютердің мүмкіндігі туралы түсінік берді. Қазір кинодағы құбылыстар шындыққа айналды.
Телекоммуникациялық революция қарқынды жүріп, цифрланған дәуірге жеттік. Бүгінде БҰҰ цифрлық теңсіздік мәселесін жиі көтере бастады.
Расында, цифрлық теңсіздік – әлем елдері үшін басты мәселеге айналды. Алдағы уақытта «кедей немесе дамыған елдер» рейтингісі емес, «цифрланған немесе цифрланбаған елдер» болып жіктелуі әбден мүмкін.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Лазизбек Құрбантаевтың сөзінше, цифрлық теңсіздік – білім алу, денсаулық сақтау, қызмет көрсету және тағы басқа салада заманауи технологияға қолжетімділік деңгейімен белгіленеді.
Цифрлық технология – бизнес-процесті автоматтандырып, қызмет көрсету сапасын жақсартып, өндірісті оңтайландырып, ұйымдар мен кәсіпорындардың тиімділігін арттырады. Цифрландыруға жұмыс процесін автоматтандыру, деректерді талдау мен өңдеу, жасанды интеллект және басқа да инновациялық технология кіреді. Мұның бәрі адамдардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартып, тұрмыс сапасын жақсартады.
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында тоқталып, таяу жылдарда жасанды интеллект өте қарқынды дамып, жұрттың өмір туралы ұғымын, тіпті тұрмыс-тіршілігін түбегейлі өзгертетінін айтты.
Қазір әлем елдерінің цифрлану деңгейін саралайтын бірнеше өлшем бар. Global Digitalization Index, Global E-Government Development Index, IMD World Digital, GovTech Index-ті атау керек. Мәселен, Электрондық үкіметтің даму рейтингісі бойынша әлемде Дания, Эстония, Сингапур, Оңтүстік Корея, Исландия көш бастайды. Бұл санатта Қазақстан 24-орында. Ал IMD World Digital бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде Швейцария, АҚШ, Гонконг, Нидерланды, Норвегия ілгері болса, Қазақстан бұл тізімде 34-орыннан көрінді. «Онлайн қызметтер» индексі бойынша 8-орындамыз.
Қазақстанда цифрландыру үдерісіне бағытталған бірнеше бағдарлама қабылданды. 2013 жылы «Ақпараттық Қазақстан – 2020» бағдарламасы ақпараттық қоғамға көшудің негізгі табалдырығы болды. 2018-2022 жылы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы іске қосылып, ел азаматтарының өмір сүру деңгейін цифрлық технологияны қолдану арқылы арттыру көзделді. Ол үшін цифрлы дағдылар экономиканың барлық секторында көрінуі тиіс еді. Үкімет 2023-2029 жылға арналған цифрлық трансформация, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын және киберқауіпсіздікті дамыту тұжырымдамасын бекітті. Мақсат – халық пен кәсіпкерлік субъектілерін жоғары жылдамдықты интернетпен (≥100 Мбит/с) қамтамасыз ету. Жоспар бойынша 2023-2027 жылы Астана, Алматы, Шымкент қаласында байланыс операторлары 5G беріледі. 2024-2027 жылы облыс орталықтарында жоғары жылдамдықты интернет іске қосылады. 2029 жылдың соңына дейін ел аумағында 100 пайыз кең жолақты интернет қол жетімді болады.
Үкіметтің есебінше, өңірлер мен ауылдық жерлерде цифрлық теңсіздік қатты сезілмейді.
Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында интернетке барынша қолжетімділікті және азаматтардың сапалы байланысқа қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Өйткені цифрлық теңсіздік әлеуметтік байланыс орнату және мәдени алмасу мүмкіндігін шектейді. Ал теңсіздік желілік инфрақұрылымнан басталады.
2017 жылы 100 ауыл тұрғынының алтауының интернетке қосылу мүмкіндігі бар еді. 2023 жылы 250-ден астам тұрғыны бар әрбір ауыл интернетке қол жеткізуі тиіс еді. 2024 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстандағы 6 256 елді мекеннің 4 858-інде интернет бар екенін мәлімдеді. ADSL технологиясы бойынша стационарлық интернет 1 950 ауылда болса, талшықты-оптикалық байланыс желісі (ТОБЖ) арқылы интернет 2 606 ауылға жетті. Байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелері шеңберінде 1 076 ауылды қамтамасыз ету шарасы қарастырылды. 5G технологиясын одан әрі дамыту бойынша Kcell және Tele2 операторы Астана, Алматы, Шымкент қаласы мен барлық облыс орталығында 5G-мен қамтуды кеңейту бойынша жұмыс істеуде.
ЦИФРЛАНДЫРУ – ӘЛЕМДІ БАСҚАРУ КІЛТІ
2010 жылдары ЮНЕСКО-да Бас директорының орынбасары болған Франк Ла Рю интернет елдердің экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуын жеделдетіп, жалпы адамзаттың ілгерілеуіне ықпал етенінін мәлімдеді. Айтқаны айдай келді.
Цифрлы трансформацияны сәтті жүргізген әлем елдері экономиканы әртараптандыруда нәтижелі жетістікке жетті. Мәселен, онлайн-сауданы алатын болсақ, 2014 жылы әлем бойынша 1,3 триллион долларды құраса, 2024 жылы 6,9 триллион долларға жетті. Қытайдың электрондық коммерция нарығы – әлемдегі ең үлкен нарыққа айналды. Ұлыбританиядағы бөлшек сауданың 36 пайызы онлайн-саудаға тиесілі. Сондай-ақ Сингапур, Оңтүстік Корея, Дания үкіметі интернеттегі сауданы дамытуда белсенді.
Цифрландыруда интернеттің жылдамдығы шешуші рөлге ие. Бүгінде Оңтүстік Корея, Жапония жоғары жылдамдықты интернеттің 6-буынын сынақтан өткізуге мән берсе, АҚШ пен Қытай 5G желісін әлем елдеріне таратуда бәсекелесуде. Өйткені цифрландыру әлемді басқаратын кілт. Қазір электр энергиясы елдердің дамуында шешулі рөл атқарса, интернеттің маңызы одан да арта түсті.
Svspb.net сервисінің дерегінше, Қазақстандағы интернет жылдамдығы 66,38 Мбит/с тең. Бұл көрсеткіш 158 елдің арасында 89-орыннан көрінуге мүмкіндік берді (мобильді интернет бойынша 58-орындамыз (53,69 мбит/с). Сингапур интернет жылдамдығы бойынша көш бастайды. Ондағы интернеттің жылдамдығы – 316,99 Мбит/с. Біріккен Араб Әмірлігінде – 300,54, Гонконгте – 296,97, Чилиде – 279,14, АҚШ-та – 253,34 Мбит/с.
Қала мен ауыл халқын салыстырғанда интернетті тұтыну деңгейі әркелкі. Әлем бойынша орта есеппен 39 пайыз ауыл тұрғындарына интернет қолжетімді болса, қалалықтар 76 пайызды құрайды. Цифрлық теңсіздік айырмашылығы аймақтарға байланысты өзгереді. Мәселен, Еуропада 87-80 пайызға тең болса, Солтүстік пен Оңтүстік Америкада 83-60 пайызды құрайды. Біздің елде интернетке қолжетімділік – 82-46 пайыз деңгейінде.
2020 жылы әлемдегі интернет қолданушылар саны 4,54 миллиард адамды құраса, смартфон игілігін 5,19 миллиард адам көрсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 5,35 және 5,61 миллиард адамға жетті. Әлем елдерінің цифрлық экономиканы ілгерілетуі де әртүрлі. Мәселен, АҚШ цифрлық экономиканы дамытуда зияткерлік меншік арқылы инновациялар мен технологиялардың жаңа буынын жетілдіруді көздейді.
2015 жылдан Данияда барлық азаматтар мемлекеттік органдармен тек интернет арқылы ғана қарым-қатынас орнатуға міндетеледі. Әрбір даниялықтың цифрлық паспорты (digital ID) бар. Ондағы мемлекеттік органдар бірыңғай желіге қосылған, бұл – бірыңғай жеке кабинет көмегімен барлық ведомстволармен өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді.
Франция цифрландыру мен жаңа технологияны енгізуде жасанды интелектке иек артады. Яғни, қоғамдық мүддеге жауап бере отырып, экономикалық көрсеткішті жақсартуға басымдық береді.
Жапония 4.0 Индустриясының негізгі тұжырымдамасы ретінде электрондық өнеркәсіпті дамыту стратегиясын таңдап, сапалы өнім өндіруде робот технологияны дамытуда.
2019 жылы Қазақстанда eGov Mobile мобильді қосымшасы іске қосылды. Бүгінде мемлекеттік қызметтің 80 пайызға жуығы смартфон арқылы қолжетімді. «Электрондық үкімет» порталы іске қосылғалы 400 миллионнан астам қызмет көрсетілді. Ел тұрғындарының eGov-ты қолдану деңгейін әлі де жетілдіре түсу керек-ақ.
ЦИФРЛАНДЫРУ НЕ ҮШІН КЕРЕК?
Біріншіден, цифрландыру өнімділік пен операциялық тиімділікті арттырады. Яғни, цифрлы технология процесті жылдамдатып, жұмыстағы қателер санын азайтады.
Екіншіден, қызмет көрсету сапасын жақсартып, шығынды азайтады. Тұтынушылар базасы ұлғайып, компанияны басқаруда тәуекелдерді ескеріп, артық шығынды азайтып отыруға болады.
Үшіншіден, бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Заманауи технология арқылы үлкен көлемдегі деректі жинауға және талдауға болады. Бұл компания жұмысын жеңілдетіп, нарықтағы құбылысты алдын ала болжап, нақты шешім қабылдауға көмектеседі.
Елдердің бәсекеге қабілеттілігінің халықаралық рейтингінің (WDCR) бағалауынша, жасанды интеллект (AI), блокчейн және кванттық есептеуге негізделген технология цифрлық алшақтықты кеңейтеді, сонымен қатар инновациялық қозғаушы күшке айналып, экономиканы ілгерілетіп, қоғамдарды қайта құруға қауқарлы. Цифрландыруды тиімді іске асырған елдер тұрақты экономикалық өсімге, өнімділікті арттыруға және жаһандық ықпалға ие болады.
Сарапшылар арасында цифрлық теңсіздікті ақпараттық технологияның даму деңгейі және ресурстың қолжетімділігімен бағалайтындар бар. Тағы бірі цифрлық теңсіздікті әлеуметтік-экономикалық құбылыс ретінде санайды. Яғни, цифрлық дағдылар бизнес, қызмет көрсету, білім беру, медицина және тағы басқа салаларға ену деңгейімен саралайды. Цифрландыру адамдардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.
«Дүниежүзілік экономикалық форумында» цифр-лық теңсіздікті әлем елдері үшін алдағы онжылдықтағы негізгі проблема болатыны айтылды. Бүгінде табысы жоғары елдерде интернет қолжетімділігі 87 пайызға жетсе, кедей елдерде 17 пайыз деңгейінде. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда интернет пайдаланушылар үлесі 90 пайыздан асты. 2019 жылы – 84,2 пайыз, 2020 жылы – 88,2 пайыз, 2021 жылы – 92,9 пайыз, 2022 жылы – 94 пайыз, 2023 жылы – 94,7 пайызға жетті.
Цифрлық технология дамушы елдердің экономикасын әртараптандырып, кірістің жаңа көзін табуға мүмкіндік береді.
Онлайн сауда бойынша АҚШ көш бастайды. Бұл елдің жалпы сауда-саттығының 6,6 пайызын онлайн сауда құрайды. Бұл – 102 миллиард долларға тең. Қытайда онлайн сауда жалпы экономикадағы үлесі 7,5 пайыз. Яғни, онлайн сауда айналымы 79 миллиард доллар. Ұлыбританияда – 31, Жапонияда – 18, Германияда – 15, Францияда 10, Канадада онлайн сауда 8 миллиард долларға тең.
2024 жылы Сингапур жоғары технологиялық патенттік гранттар саны, банктік және қаржылық қызметтер қарқынды цифрландырылуда. Бұл ел іскерлік икемділік және IT интеграциясы бойынша да көш ілгері. Бұдан сингапурлықтардың цифрлы өзгеріске бейімделу қабілеті жоғары екенін көруге болады.
Швейцария жоғары технологиялық экспортта, электронды қатысуда және киберқауіпсіздікте жоғары жетістікке ие.
P.S.
Қаласақ та, қаламасақ та эмоциясын білдіретін роботтармен байланыс құратын күн жақын. Жаңа сипатқа ие болған заманда өз орнымызды айқындаймыз десек, «цифрлық теңсіздікті» төмендетіп және «цифрлық агломерацияны» жетілдіріп, ақылды технологияны дамыту маңызды.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ