Әлем таныған қазақ журналисі
Профессор Намазалы Омашев туралы толғамында ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Омарұлы: «Үш үрдістің үлгісі оны үнемі биікке жетелеп келеді» депті. Онысы – «өз еліміздің, Ресей және батыс журналистикасының қыр-сырына қанықты» дегені. Біз бүгін үш үрдістің соңғысы жайлы сөз етпекпіз.
Ғалымның жаһандану аясындағы қазақ журналистикасының қабырғасын қалап, іргетасының қатқан қазықтай тұғырлы да ғұмырлы болуына ат салысқан еңбегі қомақты да салмақты.
Намазалы Омашев 1995 жылы ЮНЕСКО жанындағы бұқаралық коммуникация мен журналистика бойынша дүниежүзілік ОРБИКОМ ұйымына Орталық Азия елдерінен мүше болып қабылданады.
1996 жылдың 14 мамырында сол кездегі ЮНЕСКО-ның Бас директоры Федерико Майордың бірінші орынбасары Адиан Бадран Қазақстанға арнайы келіп, ҚазҰУ мен ЮНЕСКО арасында келісімшарт жасасады. Келісімшарт негізінде университетте ЮНЕСКО кафедрасы ашылып, Намазалы Омашев ОРБИКОМ мүшесі ретінде кафедра меңгерушісі болып тағайындалады.
Бұл туралы ғалым: «Факультетіміздің дамуына, әсіресе ЮНЕСКО кафедрасының көп пайдасы тиді. Жобалар қорғап, гранттар ұтып алдық. Өзіміз айлық ала алмай жүргенде, көпшілік компьютерді танып-білмей тұрғанда компьютер класын аштық. Үшінші қабаттан телестудия, иесіз жатқан бөлмені тазалап, фотостудия аштық. Елеусіз қалған ұзын дәлізден радиостудия жасадық. Сол тұста бұл параболалық орнатқан жалғыз ЮНЕСКО-ның кафедрасы ғана еді. Факультет осылайша, оқу үрдісін өркениеттік жолға қою арқылы халықаралық деңгейге көтерілді», – дейді.
Осылайша, Орталық Азия елдерінде тұңғыш рет «ORBICOM» бағдарламасымен жұмыс істейтін және халықаралық ынтымақ саласындағы ЮНЕСКО жүйесінің бір бөлігі деп есептелетін кафедра ашылды. Ол коммуникация саласындағы ЮНЕСКО кафедраларының халықаралық желісіне қосылды. Бұл еліміз үшін, оның ішінде отандық жоғары оқу орындарының әлемдік деңгейдегі мәртебесін танытар тарихи оқиға болды. Бұл еркін және плюралистік баспасөзді дамытатын жаңа коммуникациялық стратегияны қабылдауға мүмкіндік беріп қана қойған жоқ, ірі халықаралық кәсіби медиа ұйымдардың ұстанымы деп танылатын жаңа әлемдік ақпараттық-коммуникациялық тәртіпті (NWICO) елімізде орнатуға бетбұрыс жасау дегенді білдіреді.
Кафедра Орталық Азия мен Қазақстандағы журналистика мен коммуникация жүйесін зерттеу үшін құрылды. Міне, осындай ұлттық жоғары білім беру ісінде, оның ішінде қазақ журналистикасына оқытудың теориялық және тәжірибелік бағытында қолға алынған жаңашыл үрдістің бастауында профессор Намазалы Омашевтің тұруы ғалымның ұлт ісі жолындағы жанкештілігінен хабар береді. Тағы бір атап өтерлік жайт, бұл өзінің ізін басқан шәкірттеріне заман көшінен қалмаудың және болашақты бағдарлай білуде үлгі болмақ озық тәжірибе екені ақиқат.
Бұл орайда Бауыржан Омарұлы былай дейді: «Әлемнің беделді университеттерінде лекция оқыды. Өңкей Нобель сыйлығының лауреаттары бас қосқан талай жиынға қатысты. ЮНЕСКО-ның Қазақстан және Орталық Азия бойынша жалғыз профессоры болған соң үнемі осы аймақтың журналистикасындағы ерекшеліктер жөнінде баяндама жасады. АҚШ-тың Оклахома мемлекеттік университетінде жарты жылдан астам қызмет істеп қайтты. Франция, Испания, Канада, Оңтүстік Корея мемлекеттерінде өткен ғылыми жиындарда еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары жүйесі жөніндегі өз ойларын ортаға салды. Олардың әлемдік журналистикадағы орны бөлек. Ал батыстықтардың техникалық жарақтануы ғаламат. Қай-қайсысының да ұтымды тұстары бар. ЮНЕСКО-ның профессоры соның бәрін көңілге тоқып отырады».
Бұл жерде профессор Н.Омашевтың Американың Оклахома мемлекеттік университетіне жарты жылға тәжірибе алмасуға барғандағы көңілге тоқығандары әлі күнге дейін өзекті болып отырғаны таңдандырады.
«Америкалықтар өз елін шынайы демократиялы, еркін қоғам деп жиі айтады. Бірақ сол еркіндік тек темірдей тәртіптің, белгілі қағиданың аясында ғана. Президентінен бастап ешкім де заңға титтей де қайшы келетін тірлік жасай алмайды. Тіпті, қарапайым халықтан гөрі басшының жолы жіңішке ме деп қаласың. Оларға қойылар талап тым қатал. Көпшіліктің көз алдында болатын басшының қылаудай кемшілігі қатты сынға ұшырап, тезге салынып жатады».
Ғалымның көңілге түйгенімен қоса, тамсанғаны көп. Лас-Вегас қаласында өткен бүкіләлемдік көрмеге барып «құдды басқа әлемнің есігін ашқандай сезінесіз... Бәрі де қозғалыстағы ғажайып құбылыс, тірі процесс жатқан секілді», – деп онда қойылған радио-телевизиялық құралдарға таңдана отырып, әлемнің кез келген тілінде сөйлейтін Робот-интеллекттің әрбір қимылдарын бағып, «жасанды ақыл иесінің» өздерімен сұхбат жүргізгендерін әсерлі баяндайды.
Ал Канаданың Монреаль қаласында ЮНЕСКО-ның ОРБИКОМ ұйымына қарасты кафедра меңгерушілері бас қосқанда дүниежүзілік коммуникация мәселелерін зерттейтін жиырма екі кафедра барын, соның екеуі ғана бұрынғы Кеңестер Одағы аумағында орналасқанын, яғни Мәскеу мен Алматы қаласында екенін атап өтеді. Сонымен қатар өз ойын былайша түйіндейді: «Ерекше есімде қалғаны – аспанмен таласқан сәнді үйлері, салтанатты сарайлары, атшаптырым павильондары бола тұра, ол елдің салтында сыйлы қонақтарды әуелі өткен ғасырдың ортасында тұрғызылған тарихи орында қабылдау дәстүрге айналыпты. Әлгі ғимараттағы әр экспонаттың қадірін мейлінше асқақтатып көрсетуге тырысқанын аңғару қиын емес: «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген осындай-ақ болар».
Осы жерде ғалым Намазалы Омашевтің еңбегі тек өз елінде ғана емес, шетелдің беделді қоғамдастықтарымен мойындалғанын да атап өтудің орайы келіп тұр.
Халықаралық өмірбаяндық орталықтың шешімімен (Кембридж, Англия) 2001 жылдың 6 шілдесінде профессор Н.Омашев Халықаралық Жыл зиялысы болып танылды.
2008 жылғы 3 қазанда Халықаралық өмірбаяндық орталық (Кембридж, Англия) Н.Омашевті ХХІ ғасырдың 2000 көрнекті тұлғаларының басылымына енгізген.
«Алдымызда тау көтерген толағайға лайықты талай жұмыс бар» депті ғалым бір сұхбатында. Мұнысы 2009 жылы ЕҰУ-ға барып, Журналистика зерттеу институтын ашу алдындағы сөзі болса керек. Бұл туралы ғалым: «Журналистика ғылымының да болашақ ұрпаққа қалдыратын дүниелері жеткілікті еді. Алаш зиялыларының жер-жерде, әр елде шашырап жатқан жазбаларының түпнұсқасын жинасақ, ұлттың тарихы сайрап шыға келмей ме? Өткен ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ қоғамының проблемалары мен 30-жылдардың ойраны неден басталды? Еліміз неге мұндай қиын жағдайды бастан кешті?» – соны сол заманғы публицистикадан оқып, танып, бағамдау үшін ғылыми орталық қажет-ақ болды. Сөйтіп, Журналистика зерттеу институтын құрып, «Қазақ журналистикасы» деген атпен «Қазақ радиосы», «Қазақ баспасөзі», «Қазақ теледидарының» үш томдығын шығардық. «Алаш көсемсөзінің» 10 томдығы жарық көрді», – деген еді.
Намазалы Омашев дегенде Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» – деген сөзі еске оралады. Неге дейсіз ғой?.. Өйткені қоғамды алға жетелеп, озық ойды іс қылмақ үшін білімді болу жеткіліксіз, ол үшін табанды мінез, құрыштай қайрат керек. Ғалымның қазақ журналистикасының тарихын қайта зерделеп, өзінің айшықты қолтаңбасын қалдыруы және биік мансаптың биігінен көрінуі осы сөзімізге тұздық болмақ.
Сонымен қоса өз кәсібіне ғана емес, қазақ болашағын тәрбиелеудегі әр ісіне ыждаһаттылықпен қарап, адалдықты басты ұстаным еткенін атап айтқымыз келеді.
Орынтай ОШАНОВА,
ЮНЕСКО-ның
журналистика және коммуникация кафедрасының
меңгерушісі