Алматы облысында қаза тапқан полицей «Айбын» орденімен марапатталды

Мемлекет басшысы Шалхар Байжомартовты ііі дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады.

Алматы облысында қаза тапқан полицей «Айбын» орденімен марапатталды
Алматы облысы ПД
172

Қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан Алматы облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының инспекторы, полицияның аға лейтенанты Шалхар Байжомартов «Айбын» ІІІ дәрежелі орденімен марапатталды.

Мемлекеттік награданы марқұмның әкесіне ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков Алматы облысы полиция департаментіне жұмыс сапары барысында табыстады. Ол отбасына көңіл айтып, аға лейтенант Байжомартовтың ерлігі мен қызметіне адалдығын атап өтті.

– Ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмысқа қарсы күресте және тәртіпті қамтамасыз етуде әрдайым алдыңғы қатарда. Шалхар Байжомартов өз өмірін құрбан ете отырып, Отанына адал қызмет еткенін дәлелдеді, – деді Айдар Сайтбеков.

Қайғылы оқиға өткен жылдың 20 желтоқсанында орын алды. Жол-көлік оқиғасын тіркеу кезінде көліктердің бірі тізгінге ие бола алмай, полицейді қызметтік көлікке қысып, оның өліміне себеп болды.

– Полиция аға лейтенанты Шалхар Байжомартов мәңгілікке өз қызметіне адал, ерлікке толы офицер ретінде есте қалады. Оның ерлігі – азаматтардың қауіпсіздігі үшін күнделікті тәуекелге бел буатын полиция қызметкерлерінің еңбегінің маңыздылығын еске салатын үлгі, – деп түйіндеді А. Сайтбеков.

Серіктес жаңалықтары