Президент елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын айқындады

«Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алып, ел бірлігін көздің қарашығындай сақтап, әділдік қағидатын барынша орнықтыру қажет.

Президент елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын айқындады
istockphoto.com
Автор
Админ
184

Мемлекет басшысының күні кеше «Ана тілі» газетінде жарияланған «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» деп аталатын ашық әрі мазмұнды сұхбаты қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Бұл орайда Парламент Мәжілісінің депутаттары да қалыс қалмады. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ Заң үстемдігі – демократияның ең биік шыңы екенін, бұл мақсатқа жету оңай еместігін, Мемлекет басшысының сұхбаты бізге осы бағытта атқарар жұмыстарды айқындап бергенін айтады.

«Мемлекет пен құқықтың басты ережесі – бір тұтастығында. Құқық әділдік өлшеміне негізделген әлеуметтік құндылыққа ие бола отырып, мемлекеттік биліктің тиімді, лайықты, сенімді дара құралы ретінде жұмыс істейді. Президент: әділдік – бәрін теңестіру деген сөз емес екенін шегелеп айтты. Осы арқылы әр адам азаматтық қоғамда, нарықтық экономикада әділ бәсекеге толыққанды бейімделу жолын көрсетті. Сонымен қатар осы тұста адал азаматтар, өздерін әділдікті ту еткен азаматтармыз деп санайтындар үшін қоғамда туындаған кез-келген құбылысқа, оқиғаға, жағдайға әділ баға бере алатын, әділеттілікке негізделген, құқық шеңберінде, парасатты, демократиялық ұстанымға сүйенген қабілеттілікті дамыту, дарыту мәселесі көтеріліп отыр.

Әділетті мемлекет дегеніміз – құқықтық мемлекет. Онда азаматтардың бәрі заң алдында тең болады, заңдарды, ережелерді және нормаларды қатаң сақтай отырып, жалпыға бірдей мүмкіндіктерді толық пайдалана алатынын ескерте келе, төмендегі ойдыда да қадап айтты.

Ең бастысы – «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алып, ел бірлігін көздің қарашығындай сақтап, әділдік қағидатын барынша орнықтыру қажет. Бұл қағидатқа қарсы шығатындар «демократиялық құндылықтар» деген желеумен қоғамға іріткі салып, түбінде қазақ мемлекеттігін жоюды көздейтіні айдан анық. Бұған еш көнуге болмайды. Заң үстемдігі – демократияның ең биік шыңы. Бұл мақсатқа жету оңай емес.

Құқық моральмен, саяси санамен, этикалық көзқараспен, идеологиямен өзара байланысқа түседі, тарамдап, тамырланып кіреді. Қазіргі заманда қоғамдық санамен, рухани өмірмен терең байланыс жасап отырған құбылыс құқық. Құқық әділдік, теңдік, еркіндікті ұстанып, адамдардың жүріс-тұрысын реттеу үшін сыртқы нысанға, пішінге заң арқылы өрнектеліп көрініс табады», –дейді депутат.

«Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев - «Заң мен тәртіп» қағидасы құқық қорғау саласына ғана арналған деп тұжырымдаған дұрыс болмайды. Мен бұл қағиданы тереңірек түсінемін. «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Бұл ретте жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату туралы айтып отырған жоқпыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі. «Заң мен тәртіпке» бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз. Сондықтан біздің міндетіміз – бұл қағидатты еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша кіріктіріп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру. «Заң мен тәртіпті» берік орнықтыру үшін көп уақыт пен күш-жігер қажет екенін түсінемін. Себебі бәрі бірдей бұл қағидатты қатаң ұстануға, оны өмір салтына айналдыруға әлі дайын емес. Бірақ талаптанған адам қалайда мұратына жетеді», - деді.

Президент, қоғамда белең алып тұрған құқық бұзушылықтармен күресуді күшейту керек екенін тағы да қайталады.

«Қайталап айтамын, елімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты мызғымастай орнығуға тиіс. Мен Талғар оқиғасына дейін жариялаған Жолдауымда құқық қорғау органдарынан қылмыс пен қарақшылықтың тамырына балта шабуды талап еттім.  Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай тәртіпсіздікті қылмыстық топтар жасағанын естен шығармаған жөн. Мемлекет ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күрес жүргізуге шамасы жететінін соңғы екі жылда анық көрсетті. Аса қауіпті қылмыстық топтар әшкереленіп, құрықталып жатыр. Олардың сыбайластары мен қаржы көздері де анықталып отыр. Былтыр 246 адам қылмыстық жа­уапкершілікке тартылды. Оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың 30 басшысы бар. Бұл жұмысты мен ерекше бақылауда ұстап отырмын. Құқық қоғам мәдениетінің прогресивті элементерін жинақтаушы. Құқықтық прогресс дамыған сайын заңның нормативтік реттеу құндылығы да арта түседі. Маңызсыз заң деген болмайды, заңның бәрі маңызды», - деді Президент. 

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Самат Нұртаза сұхбаттың өте ашық жазылғанын, Президенттің ағынан жарылғанын, біраз сұраққа жауап беріп, мәселені айқындап бергенін айтады.

«2026 жылы БҰҰ басқаратын А.Гуттьереш мырза кетіп, орнына Қ.Тоқаев болады деген әңгіме тарағаны белгілі. Бір жағынан БҰҰ басқару - әр бір дипломаттың арманының шыңы. Ол аздай бірнеше тіл білетін, өзі БҰҰда Пан Ги Мунның орынбасары болып қызмет істеген, тәжірибелі, Батыс пен Шығыс өркениеттеріне да ыңғайлы адам ретінде, Қасым-Жомарт Кемелұлына бәсекелес жоқ еді … соны естігенде, “Әттең, Қасым-Жомарт Кемелұлы ерте кетіп қалмаса екен …” деп уайымдап едім. Бүгін қуанышымызға орай шегелеп тұрып: “Ел ішінде шаруа көп, мен мерзімнен бұрын кетпеймін” дегендей болды.

Тағы бір қоғамды мазалап отырған мәселе - Үкімет. Президентіміз ашық айтпаса да, сөзінің сілемінен, Үкіметке 100% риза емес сияқты көрінді. Нақты премьер-министр О.Бектеновке сұрақтары болмаса да, кейбір министрлердің жұмыстары көңілден шықпағанын аңғаруға болады. Демек көктемге дейін кейбір министрлер өз орындарын босатуы да ықтимал.

Уақыт белдеуі туралы да жақсы айтты. Шығыс шекараның бойындағы жатқан халықтың алаңдауын Қасым-Жомарт Кемелұлы естіп-біліп отыр. “Көктемге дейін уақыт бар” деп нақты айтты. Мәжілістегі отырыс кезінде, сағат 14:30 Шығыс Қазақстанның қасқарайған суретін Мемлекет Басшысы да көрген шығар деген сенімдемін. Күтелік.

”Мәжіліс сайлауын мерзімнен бұрын өткізудің қажеттілігін көріп тұрған жоқпын” деді Мемлекет басшысы. Бұл сөзді өз басым күтіп едім. “Әні-міне”, “кетесің-кетпейсің”, “тарайсың-босайсың” деп психоэмоционалды сілкілегеннен шаршаған едік. Президенттің нүкте қойғанына шүкір. Арқадан бір жүк түскендей. 2028 жылдың Наурызына дейін Ел үшін қызмет етемін.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың депутаттардың жұмысына риза екенін есту - әрқашан ішкі толқу мен рухани дүмпу сыйлайтын сезім. Президентіміздің бағасы - жүректе ерекше орын алатын баға. Мәжіліс туралы айтылған жылы сөздерден кейін, сыбанып, жұмысымызды екі еселеп атқаруға уәде береміз!», – дейді Самат Русланұлы.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әділ Жұбановтың айтуынша Президент сұхбатта өткен жылды қорытындылап, ең маңызды деген оқиғаларға тоқталды, ішкі және сыртқы саясаттағы басты оқиғаларға бағасын берді. Сондай-ақ елдің алдағы саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуының басым міндеттерін айқындады.

«Үкімет жұмысының басты көрсеткіші – азаматтардың тұрмыс сапасы

Сұхбатта Президент Үкімет жұмысының нәтижелері жаман емес, алайда бәрі мінсіз деуге келмейді, проблемалар да бар екенін ашық айтты. «Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту сияқты бағыттар бойынша жұмыстар жеткіліксіз, әліде жандандыруды қажет етеді. Себебі, Қазақстанға экономиканың 4 пайыздық өсімі аздық етеді, Үкімет экономиканы барынша дамыту үшін тың тәсілдер табуға тиіс» деп қадап айтты. Үкімет неғұрлым тиімді жұмыс істесе, шешім қабылдағанда батыл болса – халық үшін нәтижесі де жақсы болмақ. Жуық арада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Сол кезде елдің әлеуметтік-экномикалық дамуы қорытындыланып, нақты шешімдер, ел дамуына жаңа экономикалық серпін беретін жоспарлар қабылданады деп сенеміз.

Теңге туралы: ұлттық валюта бағамының тұрақсыздығы⠀

Мемлекет басшысы сұхбатта: «Біздің валюта бағамын қолдан ұстап тұру тәжірибесінен бас тартқанымызға біраз уақыт болды. Мен теңгені күшейту үшін еліміздің алтын-валюта қорын босқа ысырап ету орынсыз деп санаймын. Нарыққа қатысы бар кейбір құрылымдар теңге бағамын басқаруға қолайлы ету туралы ұсыныстар айтып жүр. Ұлттық банк пен Үкімет оның бәрін мұқият қарастырып жатыр. Мәселені зерделеген соң бұл бағыттағы ұстанымымызды өзгерту қажет пе деген сауалдың жауабы белгілі болады» деп айтты. Қазіргі экономист басшылардың жұмысын орташа деп бағалайтынына, нақты нәтижесі бар жұмыс жоқ екеніне де тоқталды.

Былтырғы тасқын еліміз үшін зор сынақ болды

Сұхбатта Мемлекет басшысы көктемгі су тасқынының бетін қайтару үшін шұғыл шаралар уақытылы қабылданғанына, мемлекет міндеттемесін толық орындағанын атап көрсетті. Көктемгі су тасқынынан Атырау облысы Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласы көп көлемде зардап шекті. Елді біраз әбігерге салып, халықтың да, мемлекеттің де мүлкіне зор зардабын тигізгені белгілі. Облыста төтенше жағдай жарияланған 6 сәуірден бастап, өңірде болдым. Тасқыннан зардап шеккен Құлсарыға барып, жағдайды көзбен көрдім. Халықпен кездестім, талаптарын тыңдадым. Соның негізінде, 22 сәуірде Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, құлсарылықтардың талабын жеткізген болатынмын. Өңірден сайланған депутат ретінде құлсарылықтардың талаптары Президенттің де, Мәжіліс төрағасының да, Үкіметтің де жіті бақылауында болғанын көрдім. Үкіметтің қажет кезде елдің мүддесі, халықтың тыныштығы үшін шұғыл шешім қабылдағаны қуантты. Үкімет құлсарылықтардың талабын ескерді, өтемақы нарықтағы бағаға сәйкес, әрі тұрғындардың жеке шоттарына берілді. Бұл да «Халық үнінен құлақ асатын Үкіметтің» айқын көрінісі болды. Жалпы Құлсары қаласындағы су тасқыны салдарын жоюға және облыстағы су тасқынымен күрес жұмыстарын жүргізуге, қайта қалпына келтіру жұмыстарына республикалық бюджеттен 10 млрд.теңге, жергілікті бюджеттен 58,7 млрд.теңге, бюджеттен тыс қоғамдық қордан 39,3 млрд.теңге қаражат жұмсалды.⠀

Оның ішінде:

  • Құлсары қаласында апатты деп танылған 1473 үйге өтемақы ретінде 48,2 млрд.теңге (жаңасын салуға немесе тұрғын үй сатып алуға) төленді.
  • Тұруға жарамды деп танылған 1293 үйдің жөндеу жұмыстарына 24  млрд.теңге бөлінді.
  • 100 тұрғын үй салуға жергілікті бюджеттен 730 млн.теңге, Қазақстан халқына қорынан 2,4 млрд.теңге бөлінді. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен бөлінген 96 млн.теңгеге жаңа тұрғын үйлер сатып алынды.
  • Жапа шеккен отбасыларға 100 АЕК көлемінде әлеуметтік көмекке жергілікті бюджеттен 1,5 млрд.теңге бөлініп, игерілді.
  • Басқа да бүлінген мүліктерге өтемақы төлеуге бюджеттен тыс қаражат есебінен 3 млрд.теңге бөлінді.
  • Жалпы Атырау облысындағы су тасқынынан зардап шеккен Махамбет, Мақат, Қызылқоға ауданының, Құлсары қаласының шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген зиянды өтеу үшін республикалық бюджеттен 4,1 млрд.теңге, облыстық бюджеттен 815,8 млн.теңге, бюджеттен тыс қор есебінен 815 млн.теңге бөлінді.
  • Су тасқыны кезінде болған мал шығынын өтеуге жергілікті бюджеттен 171,7 млн.теңге, бюджеттен тыс қор есебінен 115 млн.теңге бөлінді.
  • Жергілікті бюджет есебінен Құлсары қаласындағы мүлікті бағалау мен техникалық тексеруге 372,9 млн.теңге, жағалауды бекіту, су тазарту, аумақтарды залалсыздандыру жұмыстарына 898,1 млн.теңге бөлінді.
  • Су тасқынынан бүлінген инженерлік-инфрақұрылымдарды қалыпқа келтіру мен абаттандыру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 958 млн.теңге бөлінді.
  • Облыста су тасқынына қарсы іс-шараларға облыстық бюджеттен 11,4 млрд.теңге бөлінді.
  • Су тасқынынан бүлінген автокөлік жолдарын қалпына келтіруге республикалық бюджеттен 5,9 млрд.теңге, жергілікті бюджеттен 2,5 млрд. теңге бөлінді.

Қаржы министрі Мәди Төкешұлымен кездесуде Жылыойда су тасқыны кезінде бүлінген және қираған нысандарды қалыпқа келтіруге республикалық бюджеттен қосымша тағы 21,4 млрд. теңге қаржы қажет екенін айтқан болатынмын.

Оның ішінде:

  • 15,4 млрд.теңге білім беру нысандарын қалыпқа келтіруге,
  • 3,5 млрд.теңге тұрғын үй, инженерлік-инфрақұрылым желілерінің құрылысына,
  • 2,5 млрд.теңге Құлсары қаласының қалаішілік автомобиль жолдарын, ауылдарға кірме жолдарды қалыпқа келтіруге сұратылды. Қаржы министрі Мәди Төкешұлы уәдесінде тұрып, қыркүйек айында автокөлік жолдарын қалпына келтіруге республикалық бюджеттен 5,9 млрд.теңге бөлді. Қазіргі таңда, Құлсары қаласындағы су тасқынынан бүлінген білім беру нысандарын қалпына келтіруге 7,7 млрд.теңге бөлу мәселесі қарастырылуда. ⠀

Иә, су тасқыны мемлекет бюджетіне елеулі шығын келтірді. Жергілікті атқарушы органдардың ендігі міндеті – бұндай үлкен көлемдегі төтенше жағдайды болдырмауға бағытталуы керек.

Уақыт тауып бұл көлемді сұхбатты толық оқып шығу қажет. Президент сұхбатта ішкі және сыртқы саясат, бірыңғай уақыт белдеуі мәселесі, Ұлттық валюта бағамының құнсыздануы, былтыр қабылданған маңызды заңдардың өзектілігі, Парламент жұмысына баға, цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту, инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті қолдау, атом энергетикасына қатысты реформа, Қазақстанның Ресей, Қытай, АҚШ-пен қарым-қатынасы, Түркі елдері ынтымақтастығы, орта державалардың рөлі туралы ашық айтқан.⠀

Мемлекет басшысының жыл сайын осындай еркін сұхбаттары көбейіп келе жатқаны қуантады. Үкімет басшысы, күштік құрылымдар, министрлер, облыс әкімдері әрбір атқарылған жұмыстарға осылай есеп беруі қажет. Себебі, халық осындай ашық әрі шынайы әңгімені, әрбір қабылданған шешімді түсіндіру бағытындағы ақпаратты әлі де қажет етеді», - дейді Әділ Орынбасарұлы.

 

 

 

Серіктес жаңалықтары