Астанада газ баллондарын заңсыз тасымалдағандар ұсталды

/
Астанада газ баллондарын заңсыз тасымалдағандар ұсталды
polisia.kz

Астана қаласында патрульдік полиция қызметкерлері күдік тудырған автокөлікті тоқтатып, тексеру барысында газ баллондары мен гель шарларын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға сағат 20:20 шамасында Абай көшесінде патрульдеу кезінде тіркелген. Полиция қызметкерлері күмән тудырған Hyundai Palisade автокөлігін тоқтатып, тексеру жүргізген.

Нәтижесінде көлікті 34 жастағы ер адамның басқарғаны және салонда газ баллоны бар екені анықталды.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылып, тінту барысында автокөліктің жүксалғышынан қара пакетке салынған газ баллоны, сондай-ақ жүргізуші орындығы маңынан тағы бір газ баллоны мен гель шарлары табылды. Барлық заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Алдын ала мәлімет бойынша, азамат аталған баллондарды сол күні сатып алып, Абай көшесіне келіп, шарларды гельмен толтырып жатқан.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Полиция қысымдағы газ баллондарын заңсыз сақтау, тасымалдау және пайдалану адам өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін ескертеді.

Мұндай заттарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау және арнайы рұқсат құжаттарын рәсімдеу қажет. Азаматтардан заң талаптарын сақтап, қоғамдық қауіпсіздікке бейжай қарамау сұралады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары