Құтқарушылар отшашу ататындарға ескерту жасады
Жаңа жыл түні апатпен аяқталмауы үшін петардаларды күмәнді сауда нүктелерінен емес, сенімді дүкендерден сатып алу керек.
Құтқарушылар мен полицейлер петардаларды пайдалану қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Мерекеде отшашу болады. Сондықтан Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері базарларды тексеріп жатыр.
«Пиротехникалық бұйымдар ғимараттар мен құрылыстардан 50 метрден жақын емес қашықтықта атылуы тиіс. Көбінесе отшашу, петардалар атылмай қалады, сол кезде адам жанына барып, «неге?», «қалай?» деп қарай бастайды. Сол кезде ол атылып, нәтижесінде жарақат пайда болады», – деді Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Константин Канин.
Құзырлы органдар 17 базарды тексеріп, 700 келіге жуық пиротехникалық өнімдерді тәркіледі.
«Пиротехникалық бұйымдардың заңсыз айналымына қатысты қазір 196-бап бойынша 46 әкімшілік іс қозғалды. Бұл рейдтік іс-шаралар дәстүрлі түрде жыл сайын Жаңа жыл мерекелері қарсаңында өткізіледі. Жалпы, жасөспірімдер мен балаларға пиротехникалық бұйымдарды сатуға қатаң тыйым салынады», – деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Жаңа жыл түні апатпен аяқталмауы үшін петардаларды күмәнді сауда нүктелерінен емес, сенімді дүкендерден сатып алу керек. Петардалар мен отшашуларды сатып алғанда, өнімнің сертификатына, қаптамасына да назар аудару керек. Ең бастысы - жарамдылық мерзімі.