2024 жылы «Таза Қазақстан» акциясы аясында қандай жұмыстар атқарылды?
5 мыңнан аса тарихи-мәдени нысан және 758 субұрқақ ретке келтірілді.
Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық науқанына 2,4 миллион адам қатысып, 2,5 миллион көшет отырғызылды. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen Qazaqstan газетіндегі мақаласында жазды.
Президенттің бастамасымен сәуір айында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Көктемгі су тасқынымен арпалысып, дағдарған шақ болса да, Президент өңір әкімдеріне босаңсымай, айналаны тазалау, абаттандыру ісіне дереу кірісуге пәрмен берді. Бұл жалпыұлттық сипат алатын тұрақты үдеріске айналуға тиіс екенін қатаң ескертті. Түпкі мақсат – қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру.
Жыл бойы жүргізілген акцияға 2,4 миллионға жуық адам қатысты. Жүздеген мың аула мен аумақ тазартылып, 900 мың тоннадан аса қоқыс шығарылды. Шамамен 2,5 миллион көшет отырғызылды. 20 мыңнан аса әлеуметтік нысанның аумағы, 4,6 мыңнан аса қоғамдық орындар, саябақтар, шағын бақтар абаттандырылды. 5 мыңнан аса тарихи-мәдени нысан және 758 субұрқақ ретке келтірілді. Өзендер мен көлдердің және басқа да су айдындарының айналасындағы 5,8 миллион шаршы метрден аса аумақ, 8,4 миллион метрден аса арық тазартылды, – деп жазды Берік Уәли.