Вайнер Мейірхан Шерниязов мерзімінен бұрын бостандыққа шықпайтын болды

Сот оның жазаны жеңілдету туралы өтінішін қанағаттандырған жоқ

Вайнер Мейірхан Шерниязов мерзімінен бұрын бостандыққа шықпайтын болды
фото: видеодан скриншот
Автор
Админ
283

Бүгін, 26 желтоқсанда Алматыда вайнер Мейірхан Шерниязовтың мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мейірхан Шерниязовтың ҚР Қылмыстық кодексінің 73-бабында көзделген жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңілірек жазамен ауыстыру туралы өтінішін Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты қарады. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырмады.

«Сотта Шерниязовты Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 2023 жылғы 23 маусымдағы үкімімен Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы (қаржы пирамидасын құру және басқару) бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғаны анықталды. Азаматтық талаптың жалпы сомасы 814 120 806 теңге, мемлекеттік баж түріндегі сот шығындары 8 045 602 теңге. Сотталушымен 15 000 теңге көлемінде мемлекеттік баж және Жәбірленушілерге өтемақы қорына 58 340 теңге мәжбүрлі төлем өтелген», - делінген сот хабарламасында.

Бұл үкім 2024 жылдың 1 ақпанында заңды күшіне енген болатын.

«Сот талқылауы барысында сотталғанның жазасын неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру туралы өтініш хатты қанағаттандырудың негізгі критерийлерінің бірі болып табылатын зиянның өтелмегені де анықталды. Барлық мән-жайларды ескере отырып, сот М.Шерниязовтың жеке ісінің материалдарын жан-жақты зерттеп, сот қаулысымен өтініш хатты қанағаттандырусыз қалдырды», - делінген хабарламада.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты кеше Мейіржан Төребаевтың жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңілірек жазамен ауыстыру туралы өтінішін де қанағаттандырмай тастаған еді.

Серіктес жаңалықтары