Ақтөбеде 50-ден астам отбасы баспаналы болды

Облыс әкімі мұқтаж отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы жалғасатынын атап өтті

Ақтөбеде 50-ден астам отбасы баспаналы болды
Ақтөбе облысының әкімдігі
304

Ақтөбе облысы Мәртөк ауылында 54 отбасы жаңа баспаналы болып, үйлерінің кілтін алды. Облыс әкімі Асхат Шахаров Мәртөк ауданына сапары барысында жаңа қоныс иелерін құттықтады.

Жаңа баспанаға ие болғандардың бірі – Өзбекстаннан көшіп келген қандас Кәмшат Қукамбаеваның отбасы. Олар бірнеше жыл Достық ауылында тұрып, баспана кезегін шамамен үш жыл күткен. Көпбалалы отбасы жеті бала тәрбиелеп отыр.

Үйіміз кең, жарық әрі жылы. Отбасымыз үлкен болғандықтан, бөлмелер жеткілікті. Баспана алғанымызға өте қуаныштымыз. Бұл біз үшін үлкен қолдау, – деді Кәмшат Қукамбаева.

Облыс әкімі мұқтаж отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы жалғасатынын атап өтті.

Ел Президентінің тапсырмасы бойынша мұқтаж жандарды баспанамен қамту шараларын жалғастырамыз. Бүгін сіздер көптен күткен үйге қол жеткізіп отырсыздар. Бұл – мемлекеттің қолдауының нәтижесі. Кезекте тұрған әрбір азаматтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасаймыз. Жаңа үйлеріңізде тек бақыт пен қуаныш болсын, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді Асхат Шахаров.

Серіктес жаңалықтары