Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені ашылды

Іс-шараға Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова қатысты.

Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені ашылды
Фото: Облыс әкімінің баспасөз қызметі
311

Заманауи ғимараттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, бапкерлер мен спортшылар және спорт ардагерлері қатысты, деп хабарлады turkystan.kz.

Өңір басшысы көпшілікті келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен және ғимараттың ашылуымен құттықтады.

«Бүгін қазақ халқының даңқты перзенті, Түркістаннан шыққан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені ел игілігіне беріліп отыр. Өңірде чемпионның атын ұлықтау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бүгін ашылғалы тұрған спорт кешенін де ел перзентіне лайықты құрмет деп білеміз. Біз спортты дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз», деді Дархан Сатыбалды.

Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова игі іске мұрындық болған азаматтарға алғысын айтып, аймақта «чемпионның ізбасарлары көбейе берсін» деген тілегін жеткізді.

«Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов та көпшілікті құттықтап, жаңа ғимарат чемпиондарды даярлауға үлесін қосатынын атап өтті.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлім етуінше ғимараттың құрылысына облыс әкімдігі тарапынан 2,7 млрд теңге бағытталған. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қорынан технологиялық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге, ішкі әрлеуге, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 500 млн теңге бөлінген. Ғимараттың ауданы – 7248 шаршы метр, жалпы жер ауданы – 1,8 гектар.

Спорт кешенінде бокс, қазақ күресі, грек-рим, еркін күрес, әйелдер күресі, таеквондо, каратэ, үстел теннисі және ойын спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік бар. 300-ден астам жанкүйер сыятын көрермен залы, жаттығу залдарымен қамтылған. Республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге болады.

 

Серіктес жаңалықтары