Қостанайда фельдшерді науқастың туыстары аяусыз соққыға жыққан

Фельдшердің айтуынша, оның миы шайқалған, басына қан жиналған, іші көгерген, беті тырналған.

Қостанайда фельдшерді науқастың туыстары аяусыз соққыға жыққан
istockphoto.com
298

Қостанайда жедел жәрдем қызметкері қайтыс болған әйелдің туыстары жабылып ұрғанын мәлімдеді. Полиция қылмыстық іс қозғап, сараптама тағайындады, деп хабарлады turkystan.kz сайты Alau.kz порталына сілтеме жасап

Жедел жәрдем қызметкері қазір ауруханада жатыр. Фельдшер Анель Баймурзинаның айтуынша, ол сол түні түнгі ауысымға түскен. Жедел жәрдемге «Демікпе, жүрек» деп шақырту түскен.

«Бізді қабақ түйіп қарсы алды. Біз өз жұмысымызды атқардық. Алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Бірақ науқастың қызы бізге бөгет жасаумен болды. Біз бірдеңе бүлдіріп қойсақ, қарғаймын, түрмеге жабамын деп қорқытты», - дейді фельдшер Анель Б.

Реанимациялық әрекеттерге қарамастан, дәрігерлер әйелді өлімнен арашалап қала алмаған.

«Біз көңіл айттық. Маған бәрі жабылып, шашымнан жұлып, ұрды, тепкіледі. Менің екінші фельдшерім мен жүргізуші ол әйелдерден мені қорғамақ болды, бірақ олардың күші басым боп шықты. Менің жанайқайымды естіген жүргізуші қарсы жақтағы пәтерге жүгіріп барып, көршілерден полиция шақыртуын сұрады. Осы уақыттың бәрінде менің шашымнан ұстап тұрды, ұрды. Содан кейін көршінің өзі көмекке келіп, мені әлгі әйелден арашалап алып қалды», - дейді жәбірленуші.

Фельдшердің айтуынша, оның миы шайқалған, басына қан жиналған, іші көгерген, беті тырналған.

Қостанай облысы полиция департаменті аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Алғашқы медициналық көмек көрсету барысында үй иелері мен медицина қызметкерлері арасында жанжал болып, 41 және 51 жастағы әйелдер фельдшерді ұрған», - деп хабарлады облыстық полиция

Сот-медицина сараптамасы тағайындалды. «Ұрып-соғу» бабы негізінде тергеу жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары