Алматы метросында қаза тапқан жігіт жайлы деректер пайда болды
"Қазақ зағиптар қоғамы" 26 жастағы жігіттің қазасынан кейін мәлімдеме жасады.
Метрода құлап мерт болған жігіт жайлы тың ақпараттар шықты, деп хабарлады turkystan.kz.
"Қазақ зағиптар қоғамы" өкілдері метроның зағиптар үшін қолайсыз екенін айтты.
Метрода құлаған азаматтың есімі - Қанат Батқалғазы. Жасөспірім кезінде оның көру қабілеті нашарлай бастаған, оның үстіне бұл сырқаты тұқым қуалаған. Оған бұған дейін бес мәрте ота жасалғанына қарамастан көру қабілеті оңалмаған.
Оны білетін адамдардың сөзіне сенсек, марқұм өте еңбекқор болған. Ол компьютеріне орнатылған дауыстық бағдарламаның көмегімен 18 жасынан бастап мемлекеттік сатып алуларға қатысқан. Ақша тауып, ата-әжесіне қамқорлық танытқан. Сондай-ақ медициналық колледжде массажист мамандығы бойынша білім алған.
Зағиптар қоғамы өкілдері көзі көрмейтін кісілер үшін көшеде шашылып жататын сомакаттардың да зияны көп екенін айтты.
Көру қабілеті нашарлар арықтарға құлап кетіп жатады. Көп жерде тактильді жолдар жоқ. Бұл жолдар мүгедектерге жол көрсетеді. Таяқпен жүргенде кедергілер бар жерде жол көрсетіледі, – деді “Қазақ зағиптары қоғамы” Алматы қалалық филиалының төрайымы Алтынай Ибрагимова.