Ертіске Курчатов қаласының кәріз суы ағып жатыр
Талдау нәтижелері шамамен бейсенбі күні белгілі болады
Абай облысы Курчатов қаласынан ағып шығатын қалдық сулар Ертіс өзеніне құйылып жатқаны анықталды. Жергілікті коммуналдық мекеме шаһардағы құбырлардың тозып кеткенін айтады. Бұл жағдай Ертістің суын тұтынып отырған Павлодар облысының халқына айтарлықтай қауіп төндіріп отыр.
Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы Курчатов қаласындағы кәріз сулары Ертіс өзеніне құйылып жатқанын растады. Белгілі болғандай, «Курчатов Водоканал» мекемесіне қарасты кәріз жүйесінің жерастындағы құбырлары жарылып, салдарынан қалдық су өзенге толассыз ағып кетіп жатыр.
- Курчатов қаласынан Ертіс өзеніне ағынды сулардың ағуы туралы бейнематериал бойынша Абай облысының экология департаменті шығарындылар орнына арнайы барды. Ағынды суларды ағызу дерегі расталды. Осыған орай ШЖҚ «Курчатов Водоканал» КМК-ға қатысты тексеріс жүргізілетін болады, - деп хабарлады басқармадан.
Сонымен қатар Павлодар қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Ертіс өзенінен химиялық, бактериологиялық және паразитологиялық көрсеткіштері бойынша су сынамаларын алды. Талдау нәтижелері шамамен бейсенбі күні белгілі болады.
Айтып өту керек, Курчатов қаласы Ертіс өзенінің жоғарғы жағында, Павлодар облысына жақын орналасқан.