«Асырап алғанбыз»: Мақпал Жүнісова қызына шындықты қалай жеткізгенін айтты
Бұл шешімді қабылдауына тұрмыстық жағдайлар да әсер еткен
Халық әртісі Мақпал Жүнісова қызы Мерейдің асырап алынғаны туралы шындықты қашан және қалай айтқанын алғаш рет ашық мәлімдеді. Бұл туралы ол журналист Дина Төлепбергенге берген сұхбатында бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мақпал Жүнісова жұбайы Заманбек Нұрқаділовтің көзінің тірісінде қызына шындықты өзі айтуға уәде еткенін айтты.
«Зәкең өзі көзінің тірісінде айтқан, “Мерей он сегізге келгенде өзім айтамын” деді. Бірақ бұл қыз он сегізге толды, мен айта алмадым, он тоғызға толды, айта алмадым. Жиырма жасында айттым ғой деймін», – дейді әнші.
Бұл шешімді қабылдауына тұрмыстық жағдайлар да әсер еткен. Мақпал Жүнісованың айтуынша, Мерей бойжетіп, жеке өмірінде танысу сәттері болған кезде, бір-бірлерінің руларын сұрайтын.
«Мерей “мен албанмын” деп айтыпты. Бірақ бұл шындыққа сәйкес келмейді, өйткені ол – қаракесектің қызы, арғын», – дейді әнші.
Мақпал Жүнісова қызының болашағы үшін шындықты айту маңызды екенін түсінгенін атап өтті.
«Бұл өз тегін, руын білсін деп шындықты айтуым керек болды», – деді халық әртісі.